“Өмірімдегі ең үлкен арман”. Блогер ерекше саяхаты туралы айтты

91
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tpvugD9INYUwBwAJuBtfMulQ1zpvT6xSKGLKUbb6.jpg

Қазақстандық саяхатшы блогер Әділет Рахметолла Солтүстік полюске жасаған экспедициясы туралы айтып, "Адырна" порталымен ерекше әсерін бөлісті.

Оның айтуынша, Солтүстік полюске жету – көптен бергі арманы болған.

«Атомдық мұзжарғыш кемеге отырған сәтте ғана бұл сапардың шындыққа айналғанын сезіндім. Кеме Солтүстік Мұзды мұхитының қалың мұзын жарып, дәл 90 градус ендікке қарай бет алды. Сол сәттегі эмоциямды сөзбен жеткізу қиын. Мақсатыма жеткенімді түсінгенде ерекше қуанышқа бөлендім», – деді саяхатшы.

Әділет Рахметолла Солтүстік полюсті көзбен ғана емес, жүрекпен сезінетін ерекше мекен деп сипаттады.

«Дәл Солтүстік полюсте тұрған кезде қай жаққа қарасаң да – оңтүстік. Бұл – ерекше сезім. Сол жерден Гренландия, Канада, Аляска, Шпицберген мен Норвегия бағыттарын елестетіп, әлемнің дәл төбесінде тұрғаныңды сезінесің», – деді ол.

Саяхатшы табиғаттағы өзгерістерге де назар аударды.

«Былтыр мұздың қалыңдығы екі метрден асса, биыл шамамен 1,7 метр болды. Бұл – климаттық өзгерістердің айқын көрінісі», – деді Әділет Рахметолла.

Экспедиция шілде айында өткендіктен, саяхатшылар полярлық күн құбылысын көрген. Бұл кезеңде күн батпайды, ал ауа температурасы шамамен –5 градус болған.

Әділет Рахметолла Солтүстік полюске дейінгі барып-қайту сапары 11 күнге созылғанын айтты. Осы сапар аясында блогер Қазақстан туын Солтүстік полюсте желбірету арманын орындағанын айтты.

Ерекше сәт әлемдегі ең ірі атом мұзжарғыш кемелерінің бірі - «50 лет Победы» кемесінің жанында бейнетаспаға түсірілген.

«Жердің ең үстіңгі нүктесінде көк Туымызды желбірету - мен үшін үлкен мақтаныш. Қазақтың Туы әлемнің әр түкпірінде желбірей берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!" - деді саяхатшы-блогер.

Толығырақ "Адырна" ұлттық порталының инста парақшасынан оқи отырыңыз.

评论