Ресейдің ең бай кәсіпкерлері капиталын шетелге шығара бастады – Bloomberg

58
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/xiYBTjI46NcSCbHXEUmvTowv5TD9bUveue0AZAIf.jpg

Ресейдің ең бай кәсіпкерлерінің біразы соңғы бір жыл ішінде елден миллиардтаған доллар көлеміндегі капиталын шығарған. Бұған ел экономикасы мен мемлекеттік бюджеттің жағдайына қатысты алаңдаушылық себеп болған. Бұл туралы Bloomberg агенттігі ақпараттандырылған дереккөздерге сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Басылымның мәліметінше, капиталын шетелге шығарғандардың арасында Ресей президенті Владимир Путинге жақын кәсіпкерлер де бар. Олар өз активтері тәркіленуі мүмкін деген қауіптенеді. Мұндай жағдай бұрын Домодедово әуежайының бұрынғы иесі Дмитрий Каменщиктің басынан өткен.

Сонымен қатар кәсіпкерлер мемлекет оларды соғысты қаржыландыруға мәжбүрлеуі мүмкін деп алаңдайды. Bloomberg наурыз айында Владимир Путиннің ірі бизнес өкілдерімен кездесуі кезінде кәсіпкерлерге соғысқа қаржы бөлу ұсынылғанын еске салады. Ал Кремльдің нұсқасы бойынша, кәсіпкерлерден ешкім қаражат сұрамаған, бұл бастаманы өздері көтерген.

Дереккөздердің айтуынша, соңғы бір жылда ауқатты ресейлік кәсіпкерлер инвестициялық портфельдерін қайта қарап, криптовалютаға, алтынға және шетелдегі жылжымайтын мүлікке көбірек қаржы сала бастаған.

Bloomberg криптовалюта арқылы жүргізілетін операциялар секілді бейресми капитал ағынының нақты көлемін бағалау қиын екенін атап өтеді. Соған қарамастан, бірнеше ресейлік миллиардердің инвестициялық шешімдерімен таныс екі дереккөздің мәліметінше, сөз ондаған миллиард доллар туралы болып отыр. Сондай-ақ олардың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда капиталдың сыртқа шығарылуы айтарлықтай артқан.

Басылым Ресей кәсіпкерлері активтерін Кремльдің ықпалынан тыс жерге шығаруға тырысқанымен, Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге салынған Батыс санкцияларын да ескеруге мәжбүр екенін жазады.

Осыған байланысты Bloomberg молдовалық кәсіпкер Илан Шор мен Ресейдің мемлекеттік ПСБ банкіне (бұрынғы Промсвязьбанк) тиесілі A7 компаниясын мысалға келтіреді. Компания рубльге байланған A7A5 криптовалютасын пайдалана отырып, трансшекаралық төлемдермен айналысады.

ПСБ банкінің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартысында A7 арқылы жүргізілген транзакциялардың көлемі рубльмен есептегенде 7,5 триллионнан асып, шамамен 98 миллиард АҚШ долларын құраған.

评论
其他材料