Конституциялық Сот бірқатар лауазымды тұлғаларды қайта тағайындауға қатысты норманы түсіндірді

166
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SHE5Gd3esLLG08xRsQ8gJ4Nr3YbXjEKKnLpHGoic.webp

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Президенттің 2026 жылғы 15 наурыздағы өтініші бойынша жаңа Конституцияның бірқатар баптарына ресми түсіндірме берді.

Өтініште 1995 жылғы Конституцияға сәйкес лауазымын атқарып жүрген адамдардың 2026 жылғы Конституцияның 43-бабының 1-тармағында, 72-бабының 2 және 3-тармақтарында, 83-бабының 1-тармағында және 84-бабының 3-тармағында көзделген қызметтерге қайта сайлануы немесе тағайындалуы мүмкін бе деген мәселе көтерілген.

Конституциялық Соттың түсіндіруінше, жаңа Конституцияда белгіленген шектеулер тек 2026 жылғы Конституция мен соған сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілер аясында жүзеге асырылған сайлау немесе тағайындау фактілеріне қатысты қолданылады.

Соттың атап өтуінше, Конституцияда 1995 жылғы Негізгі Заң қолданыста болған кезеңдегі қызметте болу мерзімдерін немесе сол кезеңдегі сайлану мен тағайындалу фактілерін есепке алу туралы ереже қарастырылмаған.

Осыған байланысты, азаматтың 1995 жылғы Конституция кезеңінде аталған лауазымдардың бірін атқарғаны 2026 жылғы Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енгеннен кейін оны қайтадан тиісті қызметке сайлауға немесе тағайындауға конституциялық-құқықтық кедергі болып саналмайды. Қорытындысында Конституциялық Сот жаңа Конституцияның 43-бабының 1-тармағы, 72-бабының 2 және 3-тармақтары, 83-бабының 1-тармағы және 84-бабының 3-тармағы 1995 жылғы Конституцияға сәйкес қызмет атқарған адамдардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті лауазымдарға сайлануына немесе тағайындалуына мүмкіндік береді деп ресми түсіндірді.

Сондай-ақ аталған нормалардағы шектеулерді қолдану тұрғысынан мұндай сайлау немесе тағайындау 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейінгі алғашқы сайлану немесе алғашқы тағайындалу болып есептелетіні атап өтілді.

评论
其他材料