Ресейдегі жанармай тапшылығы Өзбекстан нарығына да әсер етті

208
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZdxSUHIs1n5yWSw2ma4s97v0n5UJPZWUABdbNoJ1.jpg

Өзбекстанда АИ-92 маркалы бензиннің биржадағы бағасы тарихи ең жоғары деңгейге көтерілді. 29 маусымдағы сауда қорытындысы бойынша бір тонна АИ-92 бензині 13,919 млн сумға сатылған. Бұл туралы spot.uz жариялады, деп хабарлайды "Адырна".

Ақпаратқа сәйкес, соңғы сауда нәтижесі алдыңғы көрсеткіштен 1,1%-ға жоғары. Жалпы маусым айының басынан бері бензин бағасы 1,473 млн сумға, яғни 11,8%-ға өскен.

Бағаның негізгі өсімі айдың алғашқы жартысында тіркелді. Мәселен, 4 маусымда бір тонна АИ-92 бензині 12,476 млн сум болса, небәрі төрт күннен кейін, 8 маусымда оның құны 13,788 млн сумға жетіп, 10,5%-ға қымбаттаған.

Одан кейінгі екі апта бойы бензин бағасы 13,7–13,8 млн сум аралығында тұрақтағанымен, 29 маусымда қайта өсіп, жаңа рекорд орнатты.

Сарапшылардың пікірінше, бағаның көтерілуіне нарықтағы ұсыныстың азаюы әсер етуі мүмкін. Егер 1 маусымда биржаға 3 791 тонна бензин шығарылса, 23 маусымға қарай бұл көлем 1 898 тоннаға дейін қысқарған. Ал 29 маусымда ұсыныс 3 123 тоннаға дейін қайта артқанымен, бұл бағаның төмендеуіне ықпал ете алмады.

Spot басылымы Өзбекстандағы жағдайды Ресейдегі жанармай тапшылығымен байланыстырады. Мәліметке сәйкес, Ресейде мұнай өңдеу зауыттарындағы жоспардан тыс жөндеу жұмыстары жанармай тапшылығын күшейткен. Бұған Украина дрондарының шабуылынан кейінгі ахуал себеп болғаны айтылады.

Еске салайық, Ресей 1 сәуірден бастап бензин экспортына уақытша шектеу енгізген. Сарапшылар бұл шешім бағаның одан әрі күрт өсуінің алдын алуы мүмкін екенін айтқанымен, нарықтағы бағаны қысқа мерзімде төмендетуі екіталай деп бағалап отыр.

评论