"Дизель отыны жетіспейді, Ресей нансыз қалуы мүмкін". Депутат үкіметті сынады

146
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cjBFD0Mu5pMkjUco0gL4l56XMOb5r3EAgbqMbZ6Q.webp

Ресей депутаты Нина Останина елдегі жанармай дағдарысының ауқымы ресми деңгейде толық айтылмай отырғанын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы шетелдік БАҚ-қа сілтеп.

Оның сөзін «Кровавая барыня» Telegram арнасы жариялады.

Депутаттың айтуынша, Украина жасаған шабуылдардың салдарынан Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарының шамамен 30 пайызы уақытша жұмысын тоқтатқан.

«Неліктен жауапты вице-премьер мұнай өңдеу зауыттарының үштен біріне жуығы істен шыққанын ашық айтпайды және неге осы жағдайға байланысты төтенше шаралар қабылданбайды?» – деді Останина.

Ол мұндай мәселелерді жасыру және уақытылы шешім қабылдамау, әсіресе егін жинау науқаны қарсаңында қауіпті екенін атап өтті. Оның сөзінше, дизель отынының тапшылығы ауыл шаруашылығы жұмыстарына әсер етіп, азық-түлікпен қамтамасыз етуге қауіп төндіруі мүмкін.

"Өйткені ел нансыз қалуы мүмкін. Ал халықаралық санкциялар жағдайында бұл өте ауыр салдарға әкелуі ықтимал", - деді депутат.

Бұған дейін Ресейдің оңтүстік өңірлерінде дизель отынының тапшылығы мен оның бағасының күрт қымбаттағанына шағым түскен. Сонымен қатар азық-түлік өндірушілері жанармай жетіспеуіне байланысты тауарларды жеткізу мерзімдерінің кешігуі мүмкін екенін ескерткен.

INFOLine зерттеу компаниясының мәліметінше, Ресейдің бірқатар өңірінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың, соның ішінде ет, сүт және жұмыртқа сияқты тез бұзылатын өнімдердің тапшылығының белгілері байқалған.

Материалда Украина қарулы күштері мамыр айында Ресейдегі 16 мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасағаны айтылған. Соның салдарынан елдің орталық бөлігіндегі мұнай өңдеу көлемі айтарлықтай қысқарып, зауыттардың жүктемесі 2009 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түскені хабарланды.

Осы жағдай аясында Ресейдің 40-тан астам өңірінде, оның ішінде Ресей бақылауындағы Украина аумақтарында жанармай сатуға шектеулер енгізілген. Ал жанармай жеткізудегі іркілістер мен жанармай құю бекеттеріндегі тапшылық туралы шағымдар 85 өңірден түскені айтылды.

评论