Зеленскийдің бастамасы. Рада Ұлттық пантеонға дауыс берді

358
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/C2doMcJ6AfM0dE4ZCIRucZOUrznTvUClOF0kBRmo.webp

Украина Жоғарғы Радасы елдің ұлттық пантеонын құруды көздейтін заңды қабылдады. Тиісті шешімді 287 депутат қолдаған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

Батырлар мен көрнекті қайраткерлерінің құрметіне арналған мемориал — Ұлттық пантеон туралы заң жобасын ел президенті Владимир Зеленский 28 маусымда Жоғарғы Рада қарауына енгізген. Бұл туралы ол Киев-Печерск лаврасында өткен Конституция күніне арналған іс-шарада мәлімдеді.

«Әртүрлі ғасырлар мен дәуірлерде Украина үшін күрескен, елді шабыттандырған барлық батырдың есімі біріктіріліп, мемлекет тарапынан зор құрмет және ықыласпен тарихымызға мәңгі жазылады», – деді Зеленский.

Сол күні Киев-Печерск лаврасында Иван Мазепаның бюсті де ашылды.

Заң жобасына сәйкес, пантеонда мемлекет басшыларының, қарулы күштер бас қолбасшыларының және Украинаның тәуелсіздігіне, құрылуы мен дамуына тарихи үлес қосқан өзге де тұлғалардың есімі мәңгілікке ұлықталады. Сонымен қатар Украинамен байланысты Нобель сыйлығының лауреаттары мен әлемдік деңгейдегі қайраткерлерді де осы пантеонға жерлеуге мүмкіндік беріледі.

Әзірге есімі пантеонда мәңгілікке қалдырылатын қаһармандардың нақты тізімі жарияланған жоқ.

Пантеон Киев қаласында орналасады, алайда оның нақты орны әзірге белгісіз. Қазір бірнеше нұсқа қарастырылып жатқаны хабарланды.

Украина президенті кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов пантеон құру туралы заңның қабылдануын «көптеген ұрпақтың күресі, еңбегі, жанқиярлығы мен қызметінің нәтижесі» деп бағалады. Оның айтуынша, бұл шешім «украин мемлекеттілігін нығайту жолындағы маңызды қадам» болып саналады.

评论