Суды үнемдеу мен тиімді басқару – уақыт талабы

158
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/8azPcXE8wAsteQXgfu5gJzveGIsa4CBxmkjmMdem.jpg

Фото: Pixabay.com

Су ресурстары бүгінде тек табиғи байлық қана емес, елдің экономикалық тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін стратегиялық ресурсқа айналды. Климаттың өзгеруі, халық санының артуы және су тұтынудың көбеюі жағдайында су қорларын тиімді басқару мәселесі әлемнің көптеген мемлекеттері үшін өзекті болып отыр. Бұл үрдіс Қазақстанға да тән.

Су қауіпсіздігіне төнген жаңа сын-қатерлер

Жақында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық су ресурстарын басқару институтымен бірлесіп әзірлеген «Қазақстанның су қауіпсіздігі: заманауи сын-қатерлер және болашақ баламалар» атты баяндаманы таныстырды.

Баяндамада су мәселесі тек табиғи ресурс деңгейінде емес, мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығын айқындайтын стратегиялық фактор ретінде қарастырылады. Мұнда су қауіпсіздігі ұғымы ресурстың көлемімен ғана емес, оның сапасы, қолжетімділігі және табиғи қауіп-қатерлерге төзімділігі арқылы бағаланатыны атап көрсетілген.

Жаһандық болжамдарға сәйкес, 2050 жылға қарай әлемде суға сұраныс 20-25%-ға артады. Бұл үрдіс Қазақстан үшін де маңызды. Сарапшылардың бағалауынша, алдағы 15-20 жыл ішінде еліміз су тапшылығы жоғары мемлекеттер қатарына енуі мүмкін.

– Су қауіпсіздігі ресурстың жеткілікті болуымен емес, ең алдымен басқару жүйесінің тиімділігі, инфрақұрылымның сапасы және белгісіздік жағдайында шешім қабылдау қабілетімен өлшенеді, – дейді Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әсел Әбен.

Сарапшының айтуынша, осал тұстар бір ғана себептен емес, бірнеше фактордың қатар әсер етуінен туындайды. Олардың қатарында ауыл шаруашылығының суға жоғары тәуелділігі, климаттың өзгеруі, өзен ағысының құбылмалылығы, трансшекаралық суға тәуелділік және инфрақұрылымның тозуы бар.

Құжатта Қазақстанның суды пайдалану тиімділігі әлемдік орташа көрсеткіштен 6-8 есе төмен екені көрсетілген. Бұл жағдай экономикаға әсер етіп, жыл сайын жалпы ішкі өнімнің шамамен 1,5%-ға дейін төмендеуіне алып келеді. Сонымен қатар оңтүстік өңірлерде суармалы су тапшылығы 1 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін екені айтылады.

Соған қарамастан, ауыз сумен қамту көрсеткіші жоғары деңгейде сақталып отыр. Қала халқының 99,3%-ы, ауыл тұрғындарының 97,5%-ы ауыз суға қол жеткізген. Алайда инфрақұрылым сапасы бойынша айырмашылықтар әлі де бар. Мәселен, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне ауыл халқының 63%-ы ғана қосылған, ал ауылдық жерлердегі кәріз жүйесімен қамту деңгейі 2%-дан төмен.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда су ресурстарын тиімді пайдалану мен үнемдеу шараларын күшейту ерекше маңызға ие.

Су үнемдеу мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды

Су тапшылығы тәуекелдерін азайту мақсатында елімізде су ресурстарын басқару жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы негізгі құжаттардың бірі – жаңа Су кодексі.

Құжатта су бұрынғыдай экономикалық ресурс ретінде емес, экожүйенің маңызды бөлігі ретінде қарастырылады. Сонымен қатар су нысандарының сарқылуын болдырмау үшін «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді. Бұл өзен, көлдер мен теңіздердің табиғи тепе-теңдігін сақтау үшін қажетті судың ең төменгі деңгейін анықтайды.

Өнеркәсіп кәсіпорындары үшін қайталама және айналымды сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу талаптары белгіленді. Сонымен қатар су пайдаланудың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар нормативтік өзгерістер қабылданып жатыр.

Ауыл шаруашылығы саласында да суды үнемдеуге басымдық берілуде. Осы мақсатта ылғалды көп қажет ететін дақылдардың көлемін қысқарту бойынша нысаналы индикаторлар бекітілді. Ал суару суын пайдалану қағидаларына енгізілген өзгерістер суды ұтымды пайдалануды ынталандыруға бағытталған.

Шаруаларды қолдау мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсалатын шығындарды өтеу көлемі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын қолданатын шаруашылықтар үшін суару суына берілетін субсидия көлемі 60%-дан 85%-ға дейін арттырылды.

2026-2028 жылдары су үнемдеу технологияларын субсидиялауға 214,6 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл алдыңғы үшжылдықпен салыстырғанда төрт есе көп. Ал су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялауға 13,5 млрд теңге қарастырылған.

Қабылданған шаралар алғашқы нәтиже көрсете бастады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны бес есеге өсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мұндай технологиялар 543,5 мың гектар алқапта қолданылып, 874 млн текше метр су үнемделді.

Тиімді технологиялар

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Соңғы екі жылда қабылданған қолдау шараларының нәтижесінде мұндай технологиялар қолданылатын алқап көлемі жыл сайын шамамен 150 мың гектарға артып келеді.

Бүгінде елімізде кеңінен қолданылып жатқан негізгі технологиялардың бірі – лазерлік тегістеу. Бұл әдіс кезінде егістік алқабы арнайы жабдықтың көмегімен сантиметрлік дәлдікпен тегістеледі. Соның нәтижесінде су біркелкі таралып, ысырап азаяды. Әсіресе Қызылорда облысындағы күріш шаруашылықтарында кеңінен қолданылатын бұл технология су шығынын кемінде 20%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.

Екінші тиімді әдіс – тамшылатып суару. Ол суды өсімдіктің тамыр жүйесіне тікелей жеткізеді. Соның арқасында суарудың тиімділігі артып, су шығыны азаяды. Қазіргі таңда бұл тәсіл Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында кеңінен қолданылып келеді. Мамандардың мәліметінше, тамшылатып суару суды 30%-ға дейін үнемдеп, өнімділікті 1,5-2 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Ал жаңбырлатып суару технологиясы Қазақстандағы ең кең таралған әдістердің бірі саналады. Бұл жүйеде су құбырлар арқылы қысыммен жеткізіліп, алқапқа біркелкі шашыратылады. Әсіресе Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында кеңінен қолданылады. Технология мал азығы және дәнді дақылдар өндірісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Су мәдениеті – ортақ жауапкершілік

Сарапшылардың пікірінше, су тапшылығы мәселесін шешу тек технологиялар мен инфрақұрылымға байланысты емес. Су ресурстарын ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру да маңызды бағыттардың бірі.

– Қазақстандағы су ресурстарының шамамен 56%-ы ел аумағында қалыптасады. Ал жер үсті суларының 44%-ы трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Бұл –  Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және ішінара Тәжікстан. Сондықтан су дипломатиясын дамыту және ресурстарды ұтымды пайдалану маңызды, – дейді «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.

Оның айтуынша, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері жұмыс үш негізгі бағыт бойынша жүргізіліп келеді. Олар – трансшекаралық суларды тиімді бөлу, су үнемдеу технологияларын енгізу және суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.

Ресми мәліметтер бойынша, еліміздегі судың шамамен 60%-ы ауыл шаруашылығында пайдаланылады. Өнеркәсіптің үлесі – 30%, ал тұрмыстық тұтыну көлемі 10%-ды құрайды. Соған қарамастан күнделікті өмірдегі су тұтыну мәдениеті де жалпы су үнемдеу саясатының маңызды бөлігі саналады.

– Су үнемдеу мәдениеті әрбір адамнан басталады. Алдымен отбасында, ата-ананың үлгісі арқылы, кейін мектепте қалыптасады. Осыған байланысты өткен жылдан бері Астана мен өңірлердегі білім беру ұйымдарында экосағаттар тұрақты өткізіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, су – стратегиялық ресурс. Сондықтан суға ұқыпты қарау мәдениетіне ерекше назар аудару қажет, – дейді Қайратғали Хайрулла.

Мамандардың айтуынша, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан инфрақұрылымды жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру қатар жүруі тиіс.

Айғаным Мұстапаева

评论
其他材料