Министрлік әскери техниканың қозғалысы туралы ресми хабарлама таратты

210
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bmwsNwPOXwXyVr128ch7BarYTryqONOlJS3sa1C5.jpg

Еліміздің бірқатар өңірінде әскери техниканың қозғалысы артуы мүмкін. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ресми деректерге сүйенсек, 29 маусым мен 2 шілде аралығында Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мен мекемелерінде әскерлерді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежелеріне келтіру бойынша кешенді тактикалық-саптық сабақтар өткізілмек.

Іс-шаралар жеке құрам мен бөлімшелердің әскерлерді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежелеріне келтіру кезіндегі практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған.

Министрлік мәліметінше, өткізілетін іс-шаралар жоспарлы оқу сипатында болады және негізінен әскери бөлімдердің аумақтарында және оқу полигондарында ұйымдастырылады. Осыған байланысты әскери техниканың қозғалысы байқалуы мүмкін.

«Жекелеген бөлімшелер оқу полигондары мен оқу орталықтарына жоспарлы марштар жасайды. Осы кезеңде өңірлердегі жекелеген автожол учаскелерінде жол қозғалысына уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі азаматтарды, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тек ресми ақпарат көздерінде жарияланған мәліметтерді басшылыққа алуға шақырады»,–делінген хабарламада.

评论