Министр қой етінің қымбаттауын Құрбан айт кезіндегі сұраныспен байланыстырды

356
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OS5TuBtnu0pu3zsTVr5bzyo7JxJzuP8K46CRQM73.jpg

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев еліміздегі қой еті бағасының өсуін банкеттер мен мерекелік іс-шаралар кезіндегі сұраныстың артуымен түсіндірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол бағаның қымбаттауы маусымдық сұраныспен байланысты болатынын жеткізді.

«Қой еті бойынша бағаның негізгі шарықтау факторы — Құрбан айт болды. 8 наурызда гүл бағасы әрдайым өседі, Пасха кезінде жұмыртқа қымбаттайды. Сондықтан мұнда негізгі мәселе — сұраныс пен ұсыныс. Сұраныс артқан кезде баға өседі. Бұл – экономиканың заңы, экономика осылай жұмыс істейді. Сондықтан бұған таңданудың қажеті жоқ», — деді министр бүгін Мәжіліс кулуарында.

Шаққалиев  тұтынушылар үшін қой етіне балама бар екенін атап өтті.

«Тұтынушылар үшін әрқашан таңдау бар. Қой етінен бөлек, нарықта сиыр еті, құс еті және жылқы еті ұсынылады. Сондықтан бағаны талдағанда тек бір өнімнің құнын емес, халықтың тұтыну үлгісін, сұраныс ерекшелігін және маусымдық факторларды да ескеру керек. Баға ешқашан бір деңгейде тұрмайды. Әдетте тұрақтылық сұранысты қанағаттандыратын ұсыныс жеткілікті болған кезде қалыптасады»,– деді ол.

Бұған дейін жыл басынан бері Қазақстанда 30-дан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы 1,5%-ға өскені белгілі болған еді. Сонымен қатар ел сиыр еті бағасы ең төмен мемлекеттердің қатарында екені айтылған.

评论