Президент әлемдік бокс элитасының қатарына енген Головкинді құттықтады

128
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JNuTmh976JGXtNAQCc9sfLrZR0dj45bGdQG7ABef.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс даңқы залына ресми түрде жазылуымен құттықтады. Бұл туралы ҚР президентінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияр жазды, деп хабарлайды "Адырна".

"Президент атап өткендей, бұл тарихи уақиға аты аңызға айналған отандасымыздың жаһандық спорттағы қолтаңбасы айрықша маңызға ие екенін айғақтайды. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы шынайы келбеті мен беделін қалыптастыруға қосқан елеулі үлесін көрсетеді", делінген жазбада. 

Мемлекет басшысының пікірінше, Геннадий Головкин – еліміздің мақтанышы әрі халықаралық спорт қоғамдастығындағы елшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев дүние жүзіндегі ең үздік боксшылардың бірінен үлгі алған жас спортшыларымыз жігерленіп, биік белестерді бағындыра беретініне сенім білдірді.

Айта кетейік, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында өткен салтанатты рәсімде Халықаралық бокс даңқ залына қабылданды.

Ол – бұл беделді клубқа енген Қазақстан тарихындағы алғашқы спортшы.

Енді Головкиннің есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо сияқты бокс аңыздарының қатарында тұр.

Қазіргі уақытта ол Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетін басқарады және World Boxing ұйымының президенті қызметін атқарады.

评论