Мо Янь. Шарап елі. Романнан үзінді

156
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZkU8qnblT5CanOndxp8pL1QVcnyGszQ81iA4Qwas.jpg

Цзюго провинциясында (сөзбе-сөз «Шарап елі» дегенді білдіреді) бұрын-соңды болмаған оқиға болып жатыр деген қауесет тарайды.

Мо Янь – қазіргі заманғы ұлы жазушылардың бірі, 2012 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына ие болған әйгілі қытайлық романист. Мо Янь – жазушы Гуань Мойенің бүркеншік аты, «үнсіз» дегене мағынаны береді. Жазушының екі қысқа новелласының желісімен 1987 жылы Чжан Имоу режиссерлік еткен «Қызыл құмай» фильмінен соң жазушы танымал болады.

Үзіндісі ұсынылып отырған шығарма желісі былай өрбиді. Цзюго провинциясында (сөзбе-сөз «Шарап елі» дегенді білдіреді) бұрын-соңды болмаған оқиға болып жатыр деген қауесет тарайды. Нәресте балалар жоғалып жатыр деседі. Провинциялық прокуратураның бас тергеушісі Дин Говерге шындықты ашудың маңызды миссиясы сеніп тапсырылды. Оның келуін тойлау үшін провинция бүкіл әлемге тарайтындай терең алкогольдік маскүнемдіктің басталуын белгілейтін үлкен банкет өткізеді.

АУДАРМАШЫДАН АҢДАТПА

Былықпалық пен іріп-шіру жайлаған заманда, ағайындар-ау, бауыр ет туысқандарыңды айыптамаңдар!

(Бас кейіпкер Шаншарманның құлпытас жазуы.)

«Шарап елі» романында екі негізгі құрылымдық желі бар. Біріншісі, автордың магиялық (сырлы) реализмді қолдана отырып баяндаған таңқаларлық оқиғасы: Бас кейіпкер Шаншарманның прокуратура бұйрығымен Шарап елі қаласына барып, кадрлардың адам етін жейтіні және «сойыстық бала» жөніндегі оқиғаларды тексеруі; Екіншісі, автор Мо Янь мен танымал шарап маманы доктор Күрескердің өзара алысқан хаттары. Бұл хаттар романға тұздық ретінде шығарманың арқауын ширатып, нанымдылығын арттыра түседі.  Қоғамдық былықпалықтарды айыптаумен қатар, оқиғаның кейбір өзекті тұстары осы хаттар арқылы айпарадай ашылып отырады. Шетел мамандарының Мо Яньның осы шеберлігіне тәнті болмағаны кем де кем.

Қытай тіліндегі әдеби шығармаларда кейде кейіпкердің фамилиясы, кейде аты, кейде мансабы айтылып, осы тіліндегі шығармаларды оқуға әдеттенбеген оқырманға қытай кейіпкерлердің атын еске сақтау недәуір қиындық әкеледі. Оқырмандарымызға түсінікті болу үшін, кейіпкерлердің атын қытайша мағынасына жуықтатып қазақша алдым. Мысалы, Диң-Гуэр атты бас кейіпкер дело анықтап, қылмыскерлерді түйреймін деп жүріп, өзі істікке шаншылады. Сондықтан оның атын Шаншарман деп алдым. Жин-Гаңчжуэн деген бастық бар, Алмаз бұрғы секілді, көздеген жерін тесіп те кесіп те кете беретін, су жұқпас бәле. Шүй-И-чы – ергежейлі, ресторан ашқан бай. Ли-И-доу ол әділетсіздікпен өз әлінше күресіп, келеңсіздіктерді әшкерелеп келе жатқан азамат. Басқа кейіпкерлер де осылай қазақша атпен аталады.

Диң-Гуэр – Шаншарман

Жин-Гаңчжуэн – Алмазамбы

Шүй-И-чы–Мыртықбай

Ли-И-доу–Күрескер

Бірінші тарау

1

Өлкелік прокуратураның ерекше өкілетті барлаушысы Шаншарман көмір тасыйтын «Азаттық» маркалы жүк көлігіне мініп, қала маңындағы Лошан көмір кеніне өзгеше бір тексеруге жол тартты. Милықтата киген 58 нөмірлі күрең шәпкесінің мыжырайған күнқағары тайқы маңдайын далдалап, жол бойы ойы онға, санасы санға бөлініп келе жатты. Жайсызданды білем, бас киімін қолына алғаны сол, шәпке жиегіне сіңген майлы термен бірге әлде бір күлімсі иіс танауын жарып жібере жаздады. Жағымсыз иіске жүрегі айнып, өз алқымын қақпанша қыса қойды...

Бесінші тарау

1

Шаншарман әйел шопердің аш белінен қапсыра құшақтап, ерінін ерніне лып еткізіп жапсыра қойды. Ол басын олай-бұлай бұлғақтатып алып қашқанымен, өңмеңдеген еркектің басы да оған ілесе жүгіріп, еркіне жіберер емес. Осындай жанталас кезінде айлалы еркек әйелдің дүрдиген қалың ерінін ауызына салып та үлгерді. Әйел шопердің:

– Сұмпайы, атаңа нәлет, бұзық! – деп тұншыға тілдеген дауысы құдды бір түпсіз үңгірге айғайлағандай-ақ, Шаншарманның ауызына еніп, тіл мен тіс, кеңірдегі арқылы әрі қарай жұтылып кетіп жатты. Айлалы аңшы Шаншарман төл тәжірибесіне сай, бұл жанталастың ұзаққа бармасын, көп ұзамай оның беті албырап, тынысы жиілеп, құрсақ бөлімі оттай қызып, мауыққан мысықша мияулап, құшағына құлай кететінін топшылап үлгерген. «Ұрғашы атаулы осылай». Бірақ, бұл жолғы ойының далбасалық екенін, өзінің оңбай қателескенін сезді. Әйел шопер мұның аузымен берген наркозына есеңгірегеннің орнына, барған сайын құтырына жанталасып, Шаншарманның арқасын тырнап, аяғын мыжып, тізесімен ішінен теуіп әлек салды. Әйелдің кіндік тұсынан тараған жылу мен ащы шараптың уытындай адамды мас қылатын ернінің ғажап дәміне еміне түскен Шаншарманның тағаты таусылып, денесінің ауырғанын елемей, тас кенеше жабысып, сүліктей сорып әлек. Ендігіде ол нәр іздеген қызыл тілін әйелдің ауызына салып жіберіп, сіресіп тұрған жағын ашуға қам жасады. Қателікті ол дәл осыдан жіберіп алды.

Әйелдің күректей тістері сәл мүмкіндік жасап ашыла қалғанда, тіске ғана тіреліп, емірене ентелеп тұрған тілін лып еткізіп сұға қойғаны сол еді, анау сақ еткізіп тістеп алды. Екі елі тілден еңселі денеге тараған ауырсыну ойбай салған Шаншарманның тұла бойына жайылып, аш белге жыланша оралып тұрған қолы сылқ ете түсті. «Байтал тұрмақ бас қайғы», ауызын баса, бір шетке ытқып шықты. Қанның дәмі келді. «Бітті, бұл салдақы тілімді бөліп тастады» деп ойлады жүйке-жүйкесі шымырлаған прокурор. Суық жүріс тарихындағы ең аянышты сәтсіздігі осы. «Әкеңнің, қыршаңқы қаншық!» Ауыз толы қанды түкіріп тастады. Түкіргенінің қан екенін білсе де, көзі қарауытып, басы зеңіп, қанның түсін де анық парықтай алмады. Шырқыраған шыбын жаны тіліне байланып, тісі мен үстіңгі ернін тіліне абайлай тигізіп көріп еді, тілінің қазірше аман екенін, ұшына бұршақтай ғана бірдеме пайда болып, қанның содан шығып тұрғанын аңғарды.

Тілінің бөлінбегені оның арқасын кеңітіп, қай-қайдағы ауыр ойдан арылтты. Жанталаса өбудің осыншалық бодау бергеніне ептеп ашуы келген. Оның сазайын тарттырып қоюға оқталса да, қолы бармады.

Екеуі бір-біріне қарап тұр. Мойын созым жер. Әйелдің ентіге дем алғанын, тіпті әуелі жұқа киімінен сыртқа тепкен  жылы лепті де сезді. Әйел бұған ежірейе қарап қалған. Қолында дәу бір кілт. Сам жамырап, жұлдыздар жымыңдай бастады. Әйелдің ашудан албырап тұрған жамалын анық көрді. Өңінен балаға тән тентектік мұндалайды. Шаншарман еріксіз күліп жіберді:

– Тісің тістеуіктен қиын екен.

– Қайта қатты тістемедім-ғой, №10 болат шыбықты да үзіп жіберетін тіс, бұл! – деді ентігі басылмаған әйел.

«Адам тілдескенше» деген рас. Шаншарман сабасына түсіп, тілінің қан қақсатқаны да сап тиыла қалды. Әйелді иығынан қағып қоймаққа бейімделіп қолын созып еді, ол артына шегініп, кілтті көтерді:

– Енді тиетін болсаң, осымен мылжа-мылжаңды шығарамын!

– «Қасқырдан хал кеткенде ешкіні апа дейді», апатай деп аяғыңа жығылайын, қойшы болды. Саған енді соқтықпаймын. Берекеге келейік.

– Сусандыққа су құй,- деді әйел кілтті жерге тастап.

Қараңғы қоюланып келеді. Шаншарман өзінің ептеп жаурағанын сезді. Шелектегі суды су сандыққа құйған кезде, мотордан шыққан ыстық леп бетіне ұрылып, қалтырай бастаған денесі жылынғандай болды. Су сандыққа «шұрылдай» құйылған судың дауысы қатты шөліркеген сиырдың су ішкені секілді. Аққан жұлдыз құсжолын ендей өтті. Атыраптан жәндіктердің ызыңы, шалғайдан теңіздің жағаны ұрған дауысы құлаққа жетеді.

Кабинада алдағы Шарап елі қаласының самаладай жамыраған шамдарына зер салып отырған Шаншарман жаны қарадай жабырқап, жалғыздың күйін кешіп, өзін тобынан адасқан қоңыр қозыдай сезініп келе жатты.

*****

Әйел шопердің үйіндегі диванда рақаттанып отырған Шаншарманның көңілі тым көтеріңкі. Тер мен шарап мүңкіп тұрған мандам киімдері шетсіз-шексіз кеңістікке иіс таратып, самалдықта шашылып жатыр. Жұмсақ әрі кең-мол ұйқы киімін киген. Қолға ебдейлі жанқұралы (тапанша) мен он неше тал оғы үстелде жатыр. Жанқұралдан көкшіл, оқтардан сарғыш сәуле шашырайды. Диванға шалқалай жатып, көзін сәл жұмған ол, жуыну бөлмесінен шыққан судың сарылына құлақ түре, шүмектен түскен судың әйел шопердің иығынан құлдап, қос алмасын бойлай аққанын елестетіп үлгерді.

Тілі тістелгеннен кейін ауыз толтырып айта қоярлық ештеңе болған жоқ. Екеуі де үнсіз. Мотордың бір келкі гүрілі, доңғалақ пен жолдың үйкелісінен шыққан дыбысқа мақсатсыз құлақ түріп келе жатты. Жүйткіген машина Шарап елі қаласына да жетті. Бағдар шам, бұрма-бұрма көшелерден өтіп, Шарап елі Арақ ашыту Университетінің қақпасынан кіріп, көмір түсіретін алаңға тоқтағанда, әйелмен бірге түсті. Әйел жүрсе жүріп, тоқтаса тоқтап, құдды оның күйеуі немесе сырлас досы секілді еріп отырып, көрер көзге бейсауат сезілмей-ақ оның босағасын аттаған. Әйел даярлаған дәмді тамақтарды обырлана жеп, жүзім шарабын құшырлана жұтып, тамаша әшекейленген бөлмеге көз тастап, оның жуынып шығуын күтіп отырған беті.

Тілінің анда-санда ауырғаны мұны сақтыққа жетелей береді. «Мүмкін, бұл бір қастандық шығар. Бұл үйде ер адам да тұратыны белгілі. Егер қай бір бөлмеден алпамсадай бір еркек тіпті екі еркек шыға келсе қайтуым керек? Тіктім жанымды!» Стакандағы шарапты көмейлетіп жіберіп, тәтті елеске тізгін ұстатты.

Иініне ақшыл түсті ұйқы киім, аяғына қызыл сүйретпе іліп, жуыну бөлмесінен шыққан әйелдің май бөксесі би билегендей бұлтың-бұлтың етеді. Сиыр жалағандай жылтыраған шашы асқабақтай домалақ басына жабысып, ұйқы киім мен шам жарығы шендескен сарғыш сәуле ішінде допша қалқып тұрғандай. «Гүлденіп-көркеюді жебеу мен заңсыз басылымдар мен жезөкшелік алапатын (порнографияны) аластауды қатар жүргізу керек» деген әбден жаттанды болған ерқашты ұран есіне сап ете қалды. Әйел мұның алдына келіп талтайып тұра қалды. Ұйқы киімінің белдігі ағытылып кетуге шақ қап тұр. Балық бауыр санындағы түймедей мең төңіректі жіті бақылап тұрған көз спетті. Кеудесі де аппақ. Қос алмасы ұйқы киімді теуіп тұр. Шаншарман көзін сығырайтып, селт етпей қадала қарап отыр. Егер қолын сәл созып, кіндік тұста шала байланып тұрған белдікті тартып қалса, қатынның өз құшағына құлай кетуге дайындалып тұрғаны даусыз. Дәл осы бейнесі тізгінмен жағаласқан шопер емес, сылаңдаған бардам қатынды елестетеді. Үй ішіне жағалай көз жүгірткен прокурор оның күйеуінің жай адам емесін тұспалдады. Әккі түлкінің шырғаға тасталған жемге зейін салғанындай ойлана отырып, Шаншекең тағы бір тал темекі тұтатты.

– Тек көз қыдыртып отыруды ғана білетін сені қайтып бір толымды коммунист деуге болады?! - деді шамырқанған әйел шопер.

– Жасырын партияның әйел тыңшыларға қолданатын тәсілі осылай.

– Рас па?

– Кинода.

– Әктер болдың ғой?

– Еліктеп жүрмін.

Әйел ұйқы киімінің белдігін шешіп, екі иығын қозғап қалғаны сол, әрең тұрған киімі сусып жерге түсті. Прокурордың есіне «Құлын мүсін» деген теңеу орала кетті.

– Қандай екен? - деді әйел омырауын көтеріп.

– Жаман емес.

– Енді қайтпексің?

– Көз суаруды жалғастырамын.

Әйел прокурордың жанқұралын (тапаншасын) алып, таңдайына оқ басты да артқа екі қадам шегінді. Шам сәулесінен сәл алыстағанда, денесінің әлде бір бөлегі алтынмен аптағандай-ақ жылтырап көрінді. Омырауы қара күреңдеу, қос үрпі ұсақ шылан жемісіндей қып-қызыл. Әйел қолын көтеріп, прокурордың басын нысанаға алды.

Прокурор сәл селк етіп, көкшіл сәуле шашып тұрған жанқұрал мен оның үңірейген түтігіне бақырая қарады. Өзі басқалардың басын қараға алғанда, қырағы мысықтың өткір тырнағына ілінген тышқанды бақылаған қалпын үнемі қолданатын. Өлімге дөп келген «тышқандардың» көбі зәресі ұшып, бұттарына жіберсе, аз сандағылары ғана байсалдылық танытқандай болғанымен, дірілдеген қолдары мен сөзге ебі әрең келетін еріндерінен ішкі қорқыныштарын оңай байқауға болатын. «Алма кезек дүние». Әп-сәтте, мысық қаптесерге, тергеуші тергелушіге айналып шыға келді. Ол құдды осы жанқұрал секілденіп өз тапаншасына қадала қарап көрмеген-тұғын. Жанқұралдан шашыраған көкшіл сәуле қызықты көрінгенімен, сол сәулелер үрейге толы бір көркемдікті үнсіз сұлбалап тұр. Дәл қазір Құдай да, тағдыр да, жанды жалмар жауыз да осы бәле. Әйел жалпақ алақанымен жанқұралдың бедерлі сабын қыса ұстап, саусақтарын масаға тигізіп, басып қалып «тарс» еткізуге дайын тұр. Мұндай жағдайда, жанқұралдың сұп-суық жай бір темір емес, қыл үстінде тұрған тағдырдың қатал төрешісі екенін бұл анық біледі. «Жанқұралда да идея, сезім, мәдениет және мораль бар, өн бойына беймаза рух жасырынған. Ондағы рух –– жанқұралды ұстап тұрған адамның рухы». Сапырылысып келген сан-сапалақ ойлар прокурордың әлем-тапырық көңіл күйін саябырлатып, оқ атылып шығуға сақадай сай тұрған үрейлі түтіктен көзін тайдырып, темекісін жайлана бір сорып қойды.

Аулада айналсоқтап жүрген самал жел терезенің жібек пердесін желпіп өтті. Жуыну бөлмесінің төбесіне көтерілген булардың тамшыға айналып, ваннаға тырс-тырс тамып тұрған дыбысы жетті. Сурет сарайындағы тамаша бір кескіндемеге ыждағатпен назар салған адамша, жанқұрал ұстап тұрған әйелге қызыға қарады. Жанқұрал ұстап, өзін атуға қамданып тұрған тырдай жалаңаш жас әйелдің нәпсіні мұншалықты қоздырарын мүлде ойлап көрмеген екен. Осы сәттегі жанқұрал жай бір темір емес, жыныстық шабуылға дайын тұрған мүше, қақшиып тұрған жыныстық құрал сыңайлы.

Шаншарман мырза ұрғашыны көрсе, көзін жұма қалатын босбелбеу еркек емес. Алда айтқанымыздай, аса қылықты көңілдесі де бар. Бірнеше әйелмен инеліктің көл бетіне қонақтағанындай жолығулары да болған. Жай кез болса мұны екі-ақ бүктеп тақымына басар еді-ау, біріншіден, Шарап еліне келгелі сырлы бір жұмбақ сарайға кіріп қалғандай, қарадай есі шығып адасқақ күйде жүр; екіншіден, тілі тісіне тиіп кетсе болды, ауырып сала береді. Құтырған қатын алдында тұрғанда, әсіресе маңдайына жан алғыш құрал төселген аса қауіпті сәтте өте сабырлы болмаса май өкшесіне жақсы емесін әбден біледі. «Бұл қатынның масаны (шүрппені) басып қалмасына кім кепіл? Оны басып қалу біреуді тістегеннен де оңай шаруа, әрі мәдениетті, әрі заманауи, әрі таңғажайып романтикалық түске ие. Хан сарайындай сәулетті үйі бар бұл салдақының май-май болып жүк машинасын жүргізіп, ит жанын қинап жүргені адамды қайран қалтырады. Оны сүйемін деп тілімнен айырыла жаздадым, егер... Ұятты жерінің қауіпсіз екеніне де сенім жоқ». Прокурор өзінің «буржуазиялылық зинақор идеясын» тежеп, «пролетарияттық қатаңдығын» сақтауға талпынып, Тэйшан тауындай мелшиіп, міз бақпай отырды да қойды. Ақ сазандай жалаңаш әйел мен сұқтанып тұрған жанқұрал алдында мұндай байыптылық байқату некен-саяқ қаһармандарда ғана болатын қасиет.

Әйел шопердің беті барған сайын албырап, қос алмасының екі үрпі жел қозғаған итмұрынша дір-дір етті. Прокурор атылып барып тістеп-тістеп алғысы келіп еді, тілі ауырып сала берді.

– Мен бағындым,- деп әйел жанқұралды үстелге қойып, қос қолын тік көтерді. – Мен бағындым саған...

Қос қолын жоғары көтеріп, талтайып тұра қалғанда, ашылуға асығып тұрған клапаны да саңылауланғандай болды...

– Ондай ойың жоқ па, мені қорашсынып тұрсың ба?

– Жо, жоқ. Әдемісің.

– Онда не үшін, азбан емес шығарсың?

– Тістеуік мінезіңнен қорқамын.

– Еркек тәует ұрғашы тәуеттің үстінде жан тапсырады. Соны біле тұра шағылысу ойынан қайтқан емес!

– Мұндай логикаңды қой. Мен еркек тәует емеспін-ғой.

– Ой қортық неме сол, - деп әйел артына бұрылды. – Саусағыммен-ақ ләззаттанайын.

Прокурор атып тұрып, оны артынан қапсыра құшақтап, бір омырауын қармады. Құшағында тұрған әйел басын бұрып, мейірлене қарады. Шыдамы таусылған прокурор өбуге бейімделіп, ауызын апарғаны сол еді, тілі қатты ауырып, ауызын қайта тартып ала қойды.

– Тістемеймін, - деген әйел кері бұрылып, мұның түймелерін ағыта бастады.

Прокурордың киімдерін бір-бірлеп сыпырып тастай бастады. Жапдан жалғыз келе жатып әйел қарақшыға тап болған жан іспетті, оның еркіне көніп, екі қолын жоғары көтеріп үнсіз тұр. Мұның ұйқы киімін сыпырып алып там іргесіне қарай лақтырып, лыпасы мен жилетін төбеге қарай атты. Аспашамның сөресінде салақтап тұрған киімдерін жерге алып қойғысы келіп, поркурор тік секіріп еді, саусақтары киімге іліне бере, қайта орнына түсті. Қайта секіре бергені сол еді, әйел мұны ішке бірді теуіп, тырапай асырды.

Прокурор есін жинап болғанша әйел бұған қарғып мініп, екі құлағынан сап беріп ұстап, қарынын май бөксесімен түйгіштеді-ай келіп. Тұтас іші бауыры-езіліп бара жатқандай болған Шаншармен шыдай алмай бақырып жіберді. Есірген қатын шуаш сасыған бір байпақты мұның ауызына тыға қойды. Әйелдің бұл есірік әрекетінен оның нәзік жандылығын байқау мүлде мүмкін емес еді. Прокурор байпақтың шуашына жүрегі айнып, қорлыққа төзе алмай, «бұл қайдағы жыныстық қатынас болсын, шошқа сойғанмен бірдей-ғой» деп ойлады іштей қан жалап жатып. Әйел қасапты итеріп тастамақшы болып еді, мұны сезе қойған қу қатын қос қолын білезігінен баса қойды. Шаншарманның ойы қайшылыққа толды. Күшеп атып тұрғысы келсе де, ұлы денесі бұлқынуды да қаламаған. Өйткені, сыздаған жанды жері от боп ысып, айдынына қонақтап, ләззатты сайыспен әбігер еді. «Алланың басқа салғанын көрейін» деп рахаттана көзін жұмды.

Осындан кейін мынадай жағдай жүз берді: алқына ентігіп, қара терге шомған әйел шопер өз үстінде сазан балықша тулап жатқан сәтте, құлағына кекесінді күлкі үні келді. Шаншарман көзін ашқаны сол, көз ұялтар магни сәуле жарқ-жұрық етіп, фотоаппарат түймешесінің «сырт» еткен дауысына қоса сурет жазу лентасының «сыр» етіп оралған дауысы шықты. Ол басын жерден жұлып алып, әйел шоперді жұдырықпен періп кеп қалды. Дәл осы соққыны күтіп тұрғандай-ақ, магни сәулесі іркес-тіркес жарқылдай жөнелді. Тыржалаңаш әйел шалқалай құлап, екі иығы мұның тақыр жіліншігін баса жығылды. Аппарат көзінен атылған сәулелер бұл екеуінің шырмауықша айқасқан таптырмас бейнелерін лентаға жазып үлгерді.

*****

– Хош, барлаушы Шаншарман мырза, дұрыстап сөйлесер кез жеткендей-ау деймін, - деді сурет лентасын қалтасына салып, аяғын айқастырып, диванға шірене шалқайған Алмазамбы кекесінмен. Бірдеме малтап отырғандай оң жақ шықшытын әдейі бүлкілдете сөйлеуі Шаншарманның жынына тиді.

Шаншарман әйел шоперді итеріп тастап, тұруға қамданып еді, екі аяғынан жан кеткендей күй кешті.

 –Тамаша, - деді Алмазамбы шықшытын бүлкілдетіп. – Барлау ауыр міндетін арқалаған тексеруші мырза қатты қалжырап, белден төмен салданайын деген екен.

Шаншарман оның соншалықты тамаша күтімделіп, аршыған жұмыртқадай болған бетіне қараған сәтте, кеудесін кернеген ашу-ыза алпыс екі тамырын бойлап денесіне тарап, сан-мыңдаған құрт-құмырсқа өрмелеп келе жатқандай, тұла бойы жыбырлап сала берді. Жұдырығын түйіп, жан дәрмен орнынан тұрды. Сіресіп қалған сіңірлері де қалпына түскен сыңайлы. Ол дәтке қуат жайбырақат бейнеге енгендей болып, суық тері мен Шарап елі қалалық партком үгіт бөлімінің орынбасар бастығы Алмазамбының әйелі яки көңілдесінің өз қарнына жұқтырған аппақ қоймалжыңын аспай-саспай сүрте бастады.

– Қылмыс жасамадым, тек қылмыскерлер қазған орға түстім, - деді ол өзінің үрейге беріліп, қарадай қалтырағанына ептеп өкіне тұрып. Орамалды лақтырып қалып еді, орамал Алмазамбының алдына барып жалп ете түсті. Шықшыты қатты бүлкілдеп, беті лезде сазара қалды. Шаншарман оған қадала қарады:

– Мына ұрғашың қылықты-ақ екен, дәл сендей сұмырайға қолжаулық болғаны өте өкінішті! Оның от алып, қопаға түсуін күткені далбасалық болып шықты. Алмазамбы керісінше ішек-сілесі қата күлді. Оның бұл қылығына жіп таға алмаған Шаншарман қарадай абдырап:

– Несіне мәз боласың? - деді зілдене. – Желбуаз күлкің ішкі әлсіздігіңді бүркемелей алмайды!

Алмазамбы күлкісін тиып, қалтасынан шыт алып, көзінің жиегін сүртті:

– Шаншарман жолдас, сірә, кімнің ішкі жан әлемі әлсіз? Біреудің отбасына басып кіріп, оның қатынын зорладың, дәлел-факты толық, - деп қалтасындағы сурет лентасын қағып қойып, сөзін жалғады. – Заң атқарушы бола тұра заңды таптағаныңа, әрине, ауыр жаза тағайындалары даусыз, - деп  ауызын шүршитіп, мысқылдай қарады. – Осындай ахуалда кімнің жан әлемі әлсіз болу керек?

– Қатының мені зорлады.

– Ой, тәубе, - деді Алмазамбы шықшытын бұлтыңдатып. – Сайыс өнерге шебер, құралайды көзден ататын алпамсадай еркекті қолында темірдің сынығы да жоқ бір ши бұт әйел зорлаған болды ма?!

Прокурор көз қиығын әйел шоперге тастады. Төбеге тігілген күйі, мең-зең күйде отыр. Мұрнынан қан аққан. Шаншарманның жаны ашып кетті. Әйелдің оттай ыстық денесінен тараған ләззаттің қалдығы әлі толық тарай қоймаған оның көзіне лықсып жас келді. Өзін әрең тежеп алды. Жерде жатқан ұйқы киімінің жеңімен әйелдің мұрны мен езуіндегі қанды сүртті. Қатты ұрып жібергеніне өкініп те қалған. Қолының сыртына әйелдің көзінен домалай жөнелген жас маржандары үзіліп түсе бастады.

Шаншарман әйелді көтеріп төсекке жатқызып, көрпе жапты. Сосын аспашамда ілініп тұрған іш киімі мен самалдықта қалған шалбарын киді. Үстелде тұрған жанқұралын алып, біліне тағынып, міз бақпай қарап отырған Алмазамбыға тіл қатты:

– Ашығын айтысайық.

– Ненің?

– Несіне монтансисың?

– Монтансымадым, налып отырмын.

– Неге?

– Партиялы кадрларымыздың арасынан сендей бір азғынның шыққанына.

– Жарайды, қатыныңның басын айналдырған азғын болайын-ақ, бірақ кейбіреулер нәрестелердің етін жеді, олар адам емес, нағыз жыртқыштар!

– Ха...ха.. – деп Алмазамбы қарқылдай күлді. – Барып тұрған сандырақ, Шарап елі қаласында ерекше дәмге және жасампазды қуатқа ие бір ас бар екені рас, оны жоғарғы орындағы шенеуіктер де, сен де жедің. Адам етін жеу жыртқыштық саналар болса, сен де сау сиырдың боғы емессің!

Шаншарман суық күлді:

– Көңіліңде жын болмаса, мені неге сұлу әйел арқылы шырғалайсың?

– Прокуратураларыңдағы сұмырайларда ғана дәл сендей таңғаларлық ой-қиял бар. Мен қазір саған қалалық партком мен халық үкіметі басшыларының пікірін жеткізейін: «аға прокурор Шаншарман мырзаның қаламызға келіп тексеру жүргізуін қызу қарсы аламыз әрі ол кісіге бар қолайлылықты жаратып береміз».

– Менің тексеруіме кесе-көлденең болуыңа да болады.

Алмазамбы қалтасын қағып қойды:

– Ашалап айтар болсам, екеуің суық жүріске түскендеріңмен пәлендей бір заң бұзушылық жасамадыңдар. Талтаңдап келген сені жаутаңдатып қайтаруыма әбден болады. Алайда, жеке тұлғаның мүддесін ұжымдық мүдде үшін құрбан ету деген ұстанымымыз бойынша, жалғасты тексеру жүргізуіңді шектемеймін.

Алмазамбы шарап шкабын ашып, «Маутэй» арағын алып, екі үлкен стаканға тең бөліп құйды. Бір стаканды Шаншарманның алдына итеріп:

– Кел, тексеруіңнің сәтті болуы үшін, – деді де стаканын Шаншарманның стаканына соғыстырып, жарты құмыра шарапты қағып салып, босаған стаканын қолына ұстаған күйі шықшыты бүлкілдеп Шаншарманға қадала қарап отырды. Оның бүлкілдеп тұрған шықшыты шиқанына тұз сепкендей болған Шаншарман ызадан жарылып кете жаздап, мөлтілдеп тұрған шарапты қызыл кезеңнен бір-ақ асырды.

– Жарайсың, нағыз еркек осылай болу керек! - деген Алмазамбы шарап шкабынан және бірнеше құмыра шарап алып шықты. Бәрі әйгілі маркалы, – бүгін сенімен бір бәстесіп көрейін. Ол құмыраның ауызын лып еткізіп ашып, шарапты балық көздендіре құйды. Шарап көпіршіктері стакан ішінде ойқастап, иісі атырапқа аңқыды. – Кім ішпесе сол шатадан туған болады! – деді ол шықшыты бүлкілдеп. – Іше аласың ба? Тек шатадан жаралғандар ғана іше алмайды!

– Кім мені іше алмайды дейді? – Шаншарман стаканын алып, шарапты көмейлетті. Сәлден соң аспан айналып, көз алды буалдырланып, сезім-түйсіктері көбелекше көлбеңдеп, тілі күрмеле бастады. – Ішеміз...Тақ сендердің жеті әкелеріңді... Жұт… Шарап елінің шарабын ішіп тауысамын...

Қолына қарап еді, қоғадай қолы мен айқұш-ұйқұш саусақтарын көрді. Қолын шарап құмырасына созды. Шөлмек біресе бір тал шегедей болса, бірде әлде неше есе ұлғайып, күбідей болып көрінді. Аспашам шыр айналып, көз алдында қалың көбелек көлбеңдеп жүр. Тек сол бір бүлкілдеген шықшыт ғана анық көрінеді. «Ал, іш!» деді өзіне-өзі. Ащы шарап бал тати бастады. Өңеші мен қызыл тілінің шараптан қабылдаған әсерін тілмен жеткізу мүшкіл. «Жұт!» деді тілі күрмеле. Шарапты құмарлана сілтеген сайын, мөлдіреген сұйықтың ирелеңдеген қоңырқай өңешінен әрі қарай сылдырай ағып бара жатқанын анық көрді. Адамға сыйлар ләззатын-ай десеңші, шіркіннің! Ұлы денесіне еркін жайылған тіл жеткісіз ләззат үй ішін кезіп жүр...

Алтынамбы электр жарығында баяу қозғалғандай болып, демде көз ілеспес тездікпен аққан жұлдызға айналды. Оның кескін-келбеті алтын сары түске боялып тұрған бөлме кеңістігіне өткір пышақпен кескендей жолақ-жолақ саңылау қалтырып, сол саңылаулар арасында бір сәт ойқастап жүрді де, ғайып болды.

Әлгі теңбіл көбелек шаршады білем, қанат қағысы баяулап, өн бойы балға шыланғандай ауырлай бастады. Ол аспашамның темір сөресінде бір сәт селтиіп отырып, мұртын қинала жыбырлатып, рухсыз тәніне таңғала қараған беті еденге «топ» ете түсті.

2

Мо Янь ұстаз:

– Көптен  бері  сізден хат-хабар ала алмай алаң болдым. Алдыңғы жолғы хатымда өте көсемсіп, ойланбай сөйлеп, сізді ренжітіп алдым-ау деймін? «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген рас екен. Расында солай болса, мен пақырыңызды дегдарлықпен кешіріңіз. Сіз өзіңіз «Жақсы кісінің ашуы шай орамал кепкенше», «Ер жігіттің ішіне ер-тоқымды ат сияды», «Батыр адам пақырмен есептеспейді» дегенді көп айтушы едіңіз, дәл мендей басының дымы кеппеген балаға ренжіп не қыласыз. Маған деген ұстаздық мейіріңізден құр алақан қалғым келмейді. Бұдан кейін мен сізді міндетті түрде тыңдаймын. Ақ дегеніңіз алғыс, қара дегеніңіз қарғыс. Сыңар езулікке әсте баспауға уәде беремін.

Егер «Айдаһар-самұрық салтанаты» тағамында еркіншілдік нысайы бар деп санасаңыз, мен оны «Есек көшесінен» аластайын. Әрі «Тапал» ресторанына барып, Мыртықбайға жолығып, ас мәзірінен атын өшіртіп тастауыма әбден болады. Неше күннің алдында оған сізді айтып едім, көзі жайнап сала берді.

– «Қызыл гәуленді» жазған жазушы ма? - деп сұрады.

– Иә, ол кісі менің ұстазым.

– Ол ұстазың айтқанын істей алатын кезбе ғой, өте құрметтеймін.

– Қадірменді ұстазымды неге кезбе деп тұрсыз? - деп ашуға бастым.

– Оған деген аса жоғары бағам, – деді Мыртықбай. – «Сырты бүтін, іші түтін, салауатын ат көтере алмайтын жалған ардагерлер» көбейген мына заманда, «айтқаны мен еткені бірдей кезбелер» алтыннан да қымбат, - деді ол. Ұстаз, қалыпсыз адамдарға қалыпты қағида мүлде жүрмейді, Мыртықбай деген бұл неменің бет-бейнесі құбылмалы, қулығына құрық бойламайтын зәндем, оның бұл сандырағын көңіліңізге алмаңыз.

Сіздің ол үшін ғұмырнама жазып бермекші болғаныңызды да айттым. Ол өте қуанып:

– Менің ғұмырнамамды тек Мо Янь ғана жаза алады, – деді.

– Неге олай дейсіз?

– Мо Янь екеуіміз ұяластармыз.

– Мо Янь аты танылған әйгілі жазушы, ал сіз болсаңыз ойы бойынан озбаған тоғышарсыз. Ол кісімен үзеңгі қағыстыра алмайсыз, - дедім күйіп кетіп.

– Менімен қарайлас дегенім – қайта оны көтермелегенім. Қаншалаған адам маған ұқсай алмай жүр, - деп күлді.

Ұстаз, бұл адаммен бір қатарда тұрмауыңызды өтінемін. Бұл заман, қою-сүйығы араласып, қойыртпақталып-ақ тұр. Шарап еліміздегі еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін білетін «Шарап елінің теңдессіз сайпжамалы» аталған телевизияның әлгі бір бағдарлама жүргізушісі де онымен төсектес болыпты, Мыртықбайдың бәлесін қарай-гөр. Оның ақшасы мол, атағы жоқ, ал сіздің атағыңыз жер жарғанымен, ақшаңыз жоқ, екі жарты бірігіп бір бүтін болғалы тұрсыздар. «Құрғақ қасық ауыз жыртады», тырнақтай пайдасы жоқ құр сәулетті қоя тұрып, осы орайда онымен саудаласып қалыңыз. «Ғұмырнамамды жазып берсе, разы қыламын», -  дейді. Ұстаз, сіз осы жұмысты қолдан бермей, мол ақша тауып, сіңіріңіз шыққан жағдайыңызды дұрыстап алған соң, қалғанын содан кейін көрмейсіз бе! Мыртықбай сізге айрықша қызығып отырғанда темірді қызуында соғыңыз. Быртық бойы жарты метрге жетпейтін ергежейлі «Шарап еліндегі ару біткенді тақымымда ойнатамын» деп кеудесін ұрып отыр, тегі солай болып та қалды-ау, шамасы. Бұл арада тылсым жағдайлар мол әрі адамды ойға батырады. Сіздің қарымды қаламыңыз бен дара талантыңыздан туындаған «Мыртықбайдың өмірі» атты шығармаңыз өлмес туынды болады деп сенемін.

Мыртықбайдың маған айтқан сөзін сізге қалпын бұзбай жеткізейін: «ғұмырнамамды жазуға келіссе, сен ол кісіні Шарап еліне шақыр. Барлық жағдайын жасаймын. Жоғары сортты қонақ үйге орналастырып, атақты арақ, дәмді тамақ, қымбат темекі, керемет шай дегендердің бәрін үйіп-төгемін, – деп ыржалақтады. – Егер басқалай бірдемелерге тәбеті тартатын болса, оны да орындап берейін.» Ұстаз, табанымнан тозып тілшілік жасауға құлықсызбын десеңіз, ол шаруаны маған жүктеңіз. Дәл мұндай жұмысты шам алып іздесеңіз де таппайсыз, екіұдай болмауыңызды өтінемін.

Ұстаз, сіздің қызығуыңызды оятып, белсенділігіңізді арттыру үшін, Мыртықбай деген бұзықты сіз бір қырынан түсіне берсін деген оймен «Мыртықбай ардагер» атты очерік жаздым. Сын көзбен қарарсыз. Егер Шарап еліне келіп, оның ғұмырнамасын жазбақшы болсаңыз, бұл шығармамды басылымға бермеймін. Сіздің маған берген шексіз мейіріңіз бен ұстаздық тәрбиеңізге арнаған жай бір сауғам боп қалғай!

Қаламыңызға қарым, деніңізге саулық тілеймін!

Құрметпен шәкіртіңіз: Күрескер

3

Күрескер інішек,

Жазған хатың мен очеркің «Мыртықбай ардагерді» алдым.

Алдыңғы хатыңды бүкпесіз жазыпсың, разы болдым, артық ойда болма. Уағында хат жаза алмаған себебім, сырт өңірге кеткемін. Жазған әңгімелеріңнен әлі хабар жоқ, сабырмен күтуіңді сұраймын.

Айдаһар-самұрық салтанаты» жай бір қуырмаш қой, онда ешқандай таптық сипат, еркіншілдік нысайы жоқ. Оны «Есек көшесінен» де, «Тапал» ресторанының ас мәзірінен де алып тастаудың қажеті жоқ. Егер жол түсіп Шарап еліне барып жатсам, аты аңызға айналған осы тағамды жегім келеді, аластасаң, қайдан табамыз, жаным-ау? Оның үстіне бұл тағамның хоректігі сонша жоғары болса, оны жемеу барып тұрған ақымақтық қой, жеу керек болса «Айдаһар-самұрық салтанаты»-нан өтер мәдениетті жеу тәсілі жоқ деп білем. Және де, оны ас мәзірінен шығарып тастаймын дегеніңе Мыртықбай қожайын да көне қоймас-ау!

Мыртықбай деген бұл адамға шынында тәуір қызығып отырмын. Ғұмырнамасын жазуға қазірше келісім беремін. Ақысын ол өзі білсін. Қанша берсе сонша аламын, бермесе сұрамаймын. Ғұмырнамасы жөнінде мені қызықтырып тұрған нәрсе ақша емес, оның кешірмелері. Мыртықбай деген бұл адам Шарап елінің жан жүйесі спетті, өн бойынан дәуірлік рух аңқып тұрғанын пайымдадым. Ол жартылай періште, жартылай албасты. Осындай адамның рухани әлемін айқара аша алсам, бәлкім әдебиетке қосқан үлесім болар. Мыртықбайға менің алдын ала берген бағамды жеткізіп қоярсың.

«Мыртықбай ардагер» атты бұл шығармаңа айызым қанбады. Очерк депсің, қойыртпақталған бірдеме екен, құдды «Тапал» ресторанындағы есектің ішек-қарын, боқ-жыны секілді. Шығармаңа маған жазған хатыңды, «Шарап еліндегі хикметтерді» және Мыртықбайдың ойдан орып, қырдан қырып сөйлеген сандырақтарын қосыпсың. Бұл, алашапқын болып, бұйдасыз кету. Неше жылдың алдында біреулер мені бұйдасыз кетті деп кіналап еді, менікі саған қарағанда жылмақтай екен. Қатаң қағидаға бағынатын мына заманда, шығарма жазуда қатты абай болу керек. «Ауызын баққан би болар». Сондықтан бұл шығармаңды «Жұртшылық әдебиетіне» бермей-ақ қой, далбасалық болады. Қазірше менде қала берсін, Шарап еліне барғанда ала барамын. Ал, шығармадағы деталдарды пайдалануым бек мүмкін, пейіліңе көп рақмет.

Тағы бір шаруа, «Шарап елінің хикіметтері» сенде барма? Бар болса маған дереу салып жіберсең. Жоғалып кетер десең, бір нұсқа көбейтіп ал, ақшасын барғанда беремін. Сау-саламат бол! Құрметпен: Мо Янь

4

«Мыртықбай ардагер»

– Шарап докторы, отыр, шешіліп бір сөйлесейік, - деді ол шыр айналатын арқалы орындыққа шалқалай сүйеніп, маған жылы лебізбен. Бет-бейнесі мен сөз мәнері нажағайдың бұлтындай құбылмалы. Ол бір әзезіл, сайыскерлік романдарынадғы сұрқиялық жолына әбден дәніккен сұмырай секілді, қарадай сескеніп қалдым. Абдыраған күйімді сап-сапқа шақырып оның қарсысындағы диванға жайғастым.

– Сен, ши борбай, әлгі Мо Янь деген көкбұтпен қалай ұстаз-шәкірттік қатынас орнатып жүрсің? - деп сұрады кекесінмен.

– Ол кісіні ұстазы тұтамын, жазушылық арқылы қарым-қатынас жасап тұрамыз. Алтын дидарын әлі көре алмай өкініште жүрмін, – дедім міңгірлеп. Дауысым балапанына жем беруге бейімделген ана қарлығаштай шиқылдап шыққандай болды.

– Ол Мо Янь дегеннің фамилиясы Мо емес, Гуан, Гуан Жұңның (ауд: Қытайдың ертедегі қайраткері) жетпіс сегізінші ұрпағымын деп бөседі екен, бос сөз, – деді арамзалана күліп, –қазір танымалы жазушы болдым, мықтымын деп астамсып жүрген секілді, оның өткен-кеткенін әбден білемін, сыры маған мәлім неме.

– Ұстазымның өткен-кеткенін қалай білесіз?

– «Жаман атым шықпасын десең жамандықтан аулақ жүр» деген. «Болар бала боғынан» деп, бала кезінде-ақ бұзық болатын. Алты жасында өндірісшілердің қоймасын өртеп жібере жаздады. Тоғыз жасында бір апайына ғашық болып, көлеңкесінше қалбаңдап еріп кеп жүретін. Он бір жасында қызанақ ұрлап ұсталып, таяқ жеген. Он үш жасында сәбіз ұрлап қолға түсіп, екі жүз жұмысшының алдында Мау Цздунның мүсінінен кешірім сұраған. Бір қасиеті, есте сақтауы өте жақсы, бәрін миына құйып алатын. «Үйге келгенде әкем оңдырмай шықпыртып, ағайымды масқаралама деп еді, масқаралаймын, қайтесің деп бажылдай қарсылық көрсеттім» міне, оның өз жазғандары осылай, - деген ол зәрлене күлді. – Менің ғұмырнамамды осы бұзықтан артық жаза қоятын адам жоқ, «айлас қатын мұңдас» демекші сұрқия қаһарманның жағдайын дәл сондай сұм талант ғана түсінеді. Оған хат жазып қуза, Шарап еліне келсін, бетін жерге қаратпаймын, – деді ол кеудесін қағып. Орындығымен шыр айналғанда, оның біресе бетін, біресе шүйдесін көрдім. Беті мен шүйдесі алма кезек ауысқан сәтте өңіне әккілік, асқабақтай тақыр шүйдесіне парасат жасырынған сыңайлы сездім. Орындығы біртіндеп биіктей түсті.

– Мыртықбай мырза, Мо Янь ұстазға хат жазғамын, ол кісі хат қайтармады, – дедім. – Бәлкім, ғұмырнамаңызды жазуға құлықсыз болар.

– Алаң болма! Ол, сөзсіз, келіседі. Біріншіден, ол әйелқұмар, екіншіден, арақ-темекіге жанын салады, үшіншіден, қалтасы тесік, төртіншіден, қай-қайдағы сырлы бірдемелерді, тылсым оқиғаларды шығармасына арқау етуге құштар. Ол қалай да келеді. Әлемде оны мендей түсінетін екінші адам жоқ.

Ол және шыр айналып еді, орындығы аласара бастады. Сөзін жалғады:

– Шарап докторы дейді-ау сені де! Шараптың не екенін білесің бе? Шарап дегеніміз бір түрлі сұйық деп қарайсыңдар. Оттағандық! Шарап –– Исаның қаны. Сандырақ! Шарап ол асқақ рух дейді, тантығандық! Шарап дегеніміз қиялдың анасы, қиял – шараптың қызы, есі дұрыс пікір осы, – деді ол тістене. – Шарап дегеніміз – мемлекет  аппаратының жағармайы, ол болмаса аппарат айланбақ емес! Білдің бе? Әй, дым түсінбейтініңді мына шақшадай басың мен шарық табақтай бетің-ақ айтып тұр. Мо Янь деген жүгірмекпен  бірлесіп менің ғұмырнамамды жазғалы жүрген шығарсың? Жарайды, сендерге жақыннан жәрдемші болайын. Ғымырнама жазатын мықты қаламгер ешқашан тілшілік істеп, сұхбат жүргізбейді, тілшілік арқылы ие болған материалдың тоқсан пайызы жалған дүние, сендер жалғанын тастап шынын алып, шылғи өтіріктен шындықты көре білулерің керек. Сен әлгі Мо Янь деген қызталаққа айта бар, аға шөнең мен, биыл сексен беске кірдім, қартайдым ба? Мен жаһан кезіп, жан бағыстың қамымен жүргенде, сен екеуіңнің қайда жүргендерің белгілі! Жүгері арасында, асжапырақ атызында, сәбіз ұрасында немесе қияр көшетінде т.б жерлерде жалаңбұт жүрген боларсыңдар? Мо Янь деген әлгі қызталақ «Шарап елі» деген шығарма жазып жатыпты-мыс, «әлін білмеген әлек» деген осы. Шарап жөнінде бірдеме жаза қоятындай ол қаншалықты арақ ішіпті? Мен ішкен арақ ол ішкен судан да мол! Айлы түнде есек көшесінен әңгі мініп тасырлатып шауып өтетін теңбіл адамның кім екенін білесің бе? Ол мен, аға шөнең! Қайдан келгенімді сұрама, ауылым күн шұғыласына шомған бір жерде. Не болды? Маған сенбей отырсың-ау деймін, шамасы? Елікше ырғып, дуалдан-дуалға секіретін өнеріме күмәнмен қарайтын секілдісің? Жарайды онда, атаң саған көрсетіп қойсын.

Алтыншы тарау

1

Шаншарман шет-шеті алтын түспен апталған тозақ есігінің баяу сықырлай барып, айқара ашылғанын сезді. Тозақтың ертегілерде айтылғандай тас қараңғы емес, қайта жап-жарық болып тұрғанын көрді. Қып-қызыл күн мен көкпеңбек ай қатарынан сәуле шашып тұр. Көз жауын алатын бедерлі сауыт жамылған теңіз организмдері әлсіз аяқ-қолдарын ербеңдетіп оның қалқып тұрған денесінің маңында жүзіп жүр. Түсті бір балықтың мұның тұтас денесіндегі әбден шіріген ткандарды аластауға қамданып, көтеуін аямай шоқып, құдды бір тік ішек дәрігері секілді епті ота жасап жатқанын сезді. Денесінен алыстап кеткен сана көбелектері қайта орала бастаған. Басы сұп-суық. Мас болып бірталай уақыт ессіз жатқан ерекше барлаушы көзін ашқанда барып қасында анадан туғандай болып отырған әйел шоперді көрді. Машина сүртетін мақта кездемені қышқыл бір сұйыққа шылап, денесін сүртініп отыр. Өзі тырдай жалаңаш күйде күн сәулесі жақсы түсетін жерде жатыр екен. Өткен істер біртіндеп ойына орала бастады. Тұрмақшы болып неше ұмсынып, тұра алмады. Әйел жан-жағына барлай қарап, екі омырауын ысқылап отыр. Бұл бейнесі нәресте емізгелі отырған ана секілді. Оның көзінен жас бұршақтап, сәлден кейін ағыл-тегіл жылап сала берді. Жүрек түкпірінен жанашырлық сезім жылт ете қалған еркек бірдеме айтпаққа оқталып еді, әйел мұның үстіне құлай кетіп, ауызымен ауызын жаба қойды. Қаптаған қалың балық кеңістікте асыр салып, ауаға олардың күлімсі иісі толғандай болды. Тұла бойына батпандап сіңген шарап иісі әйелдің денесіне мысқалдап кіріп жатқандай сезінді. Есін жиды-ау әйтеуір. Осы кезде әйел баж етіп, еденге құлап түсті.

Басы айналып, қол-аяғында дәрмен қалмаған прокурор жығылып қалмас үшін тәй-тәй басқан баладай қабырғаға сүйенді. Дәл қазір оның қу сүлдері ғана қалған. Қайнаған қазаннан енді ғана алған сазандай, әйел шопердің денесінен бу бұрқырап, алты айрығынан саулаған тер еденге ақты. Талып жатқан бейнесі өте аянышты. Оған деген жанашырлық сезімнің жас өскіні бой қылтитса да, өзіне жасаған тағылығын да естен шығара қоймаған. Шаншарман қатынның үстіне хайуандарша сарып кетуді бір ойлап, бұл бекімінен тез қайтты. Есіне Алмазамбы түскенде өз мойнындағы міндетін ойлап, тісін шықырлатты: «Кету керек! Қатыныңмен төсектес болғаным – тек моральдық мәселе, ал сендердің нәрестені пісіріп жеулерің барып тұрған жауыздық!» Әйелге қайта қарағанда, оның Алмазамбының шырғаға тастайтын жемтігі ғана екенін білді. «Бұл салдақының жай-жапсары әбден мәлім болды, әділдіктің адырнасын тарта түсермін!» Шаншарман шкаптағы самсыған киім ішінен текедей таңдап, көкшіл кастөм-шалбарды киіп еді, құдды өзіне арнап тіктіргендей-ақ, құп жараса кетті. «Қатыныңды ойнадым, шарабыңа бойладым, киіміңді қоймадым, өзіңді де соярмын!» Өз киімінен жанқұралын алып, қалтасына салып, бір тал қиярды күртілдетіп шайнай жүріп, жүзім шарабынан бір стакан тартып жіберіп еді, уілжіген жас қыздың ұлпа денесіндей сезім бағыштады. Есікке беттей бергенде есін жиған әйел шопер, екі қолымен жер тірей тізерлеп, бақаша шоқиып немесе жас балаша еңбектеп отыр екен. Көзінен мүсәпірлік хал мұндалайды. Есіне ұлы оралып, әкелік жанашырлық сезімі жылт ете қалып, әйелдің қасына барып, басынан сипады:

– Әй бишара, сор маңдайым-ай!

Әйел оның тізесін құшақтап, мейірлене қарады.

– Сау тұр. Күйеуіңнің жазасын бермей қоймаспын!

– Мені ала кетші. Оны иттің етінен де жек көремін. Саған көмектесейін, олар нәресте  жейді.

Әйел апыл-ғұпыл орнынан тұрып, киімін асығыс киіп, шкафтан сарғыш ұнтақ толтырылған құмыра алып шықты:

– Мынаның не екенін білесің бе?

Прокурор басын шайқады.

– Нәрестеден жасалған талқан. Олар осыны жейді.

– Оны қалай жасайды?

– Қалалық емхананың арнайы бөлімі жасайды.

– Тірідей ме?

– Иә, тірідей, шырқырап жылап жатқан сәбиді турап тастайды.

– Жүр. Қалалық емханаға кеттік.

Әйел ас бөлмеден бір пышақ алып еді, бұл «мырс» етіп, оны үстелге қойды.

Әйел кенет жайдарылана күлді. Күлкісі бейне жұмыртқа туып «қоқақтаған» мекиеннің немесе арбаның ағаш доңғалағының тасжолдағы «сықыры» секілді. Әйел күле тұрып, жарғанатша жалып етіп мұның үстіне қонып, екі білегін мойнына тас қып орап, екі аяғын мықынына айқастыра қойды. Прокурор жерге әрең түсіргені сол еді, қатын аш қасқырша қайта атылды. Еркек қоян бұлтаққа салып, одан өзін алып қаша жүріп, ырыс-ырыс етіп:

Енді бұлай істесең, сені атып тастауға мәжбүр боламын, - деді.

Оның бұл сөзіне селт ете түскен әйел, сәл кідіріп, дауысын көтере сөйледі:

– Атсаң атып-ақ тасташы, жақсылықты білмейтін малғұн!

Әйел жынданған жанша жейдесінің өңірін тартып қалды. «Тырс» етіп үзілген бір тал мөлдір түйме «сыңғыр» етіп жерге түсіп, жердің тартылыс күші немесе еденнің үйкеліс күші ме әйтеу бір сыртқы күштің себебінен лажсыздық таныта, құдды бір кішкентай жәндік секілді, батыстан шығысқа, одан шығыстан батысқа, басы ауған жаққа айнала жүгірді. Прокурор табанымен баса қойғанда, түйменің табанының астында әлі де тырбыңдап жатқанын сезгендей болды.

– Сен, кімсің өзі? Әлгі Алмазамбы деген неме саған нұсқау беріп отырған шығар? Әйелге деген бағанағы жанашырлық сезімі үзілді-кесілді жоғалып, елжіреп тұрған құйттай жүрегін тасбауырлық жайлап, бет әлпеті сазара қалды. – Сен салдақы олардың сыбайласы екенсің, сен де сау сиырдың боғы емессің. Нәрестені сен де жеген болдың. Алмазамбы сені маған қайрап салып, тексеруіме әдейі кедергілік жасап отыр.

– Мен бір бейбақ әйелмін, – деп ол еңіреп жіберді, шын жылап тұрғаны белгілі, екі иығы дір-дір етеді. – Осымен бес рет жүкті болдым. Жүктілігіме бес ай болғанда ол мені емханаға апарып зорлап түсік тастатып, қызыл шақалақты атасының асындай құшырлана жейді.

Оның ботадай боздағанына шыдамаған прокурор қолын созғаны сол, әйел үкідей ұшып келіп мұның құшағына құлап, мойнынан иіскей беріп, аямай тістеп алды. Ауырғанына шыдамаған прокурор айғай салып, қатынды қарнын тұсынан періп кеп қалды. Әйел баж етіп, қалпақша ұшты. Оның өткір тісі, әрине, Шаншарманның есінде. Мойынын ұстады. Қолына қан жұқты. Әйел мелшиген күйі жатыр. Бұл кетуге беттей бергенде, атылып келіп, аяғын құшты:

– Мені тастап кетпеші, құлың болайын.

Түбірлі ойға табан тіреген прокурор самалдықтан арқан әкеліп, әйелді орындыққа матап байлап тастады. Әйел қол-аяғын ербеңдетіп, жанталасып бақты:

– Жанашырлықтан жүген ұстаған сұмырай, сені тістеп өлтіру керек еді!

Қытай тілінен аударған: Қаусылхан Қасымханұлы 

«Таң-Шолпан» журналының 2026 жылғы №1 санында жарияланған.

评论
其他材料