Орталық Азиядағы өсімі төмен демография. Не жетпейді?

155
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vCWygoCjpK6c2c38gfxDsf2whanS2Jeth353vWKn.png

Державалар халқының санымен де алпауыт. Соның нәтижесінде әлеуметі мен әлеуетін қатар ұстап, дамытып келеді. Орталық Азияда да Қазақстаннан басқа елдердегі өсім 2 еседен шығандап кетті. Ал елдегі баяу демографияның себебі неде?  

Кейінгі кездері Қазақстан демографиясының қарқыны жақсы деп ауыз толтырып айтып жүрміз. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, қазір Қазақстанда 20,5 млн адам тұрады. Ал 1991 жылы 16,5 млн адам болған. Салыстырмалы түрде қарағанда 35 жылда 4 млн адамға ғана көбейген. Туу көрсеткіші 1991-2000 жылдары 200-250 мың шамасында, 2000-2010 жылдары 300 мыңға жетсе, 2010 бері қарай 350 мыңның төңірегін құрайды. Ең көп рекордтық көрсеткіш 2020-2021 жылғы пандемия кезінде 450 мыңға дейін барған. Бірақ кейінгі екі жылда туу көрсеткіші қайтадан 300 мыңға дейін құлдырады. Бүгінде қайтыс болғандарды есепке алғанда жылына 200 мың адам тұрақты түрде қосылып келеді.

«СОЛ УАҚЫТТА ЕТ ТЕ, СҮТ ТЕ МОЛ БОЛАТЫН»

Халқымыз «балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп тәмсілдейтін. Бірақ бүгінгі қоғамның көзқарасы, жастардың ой-өрісі бұған кереғар сияқты. Өйткені Қазақстанда алғашқы сәбиін дүниеге әкелу орта есеппен 29 жасты құрап отыр. Көрші өзбек пен қырғыз ағайындарда бұл көрсеткіш 23 жас деңгейінде сақталуда. Осыдан 20-25 жыл бұрын бізде де сол тақылеттес болған.

«Алтын алқа» иегері Алмагүл Әбілбекова 7 баланың анасы. Ол әлеуметтік жағдай, жаһандану процесі көп балалы болуды аңсаған отбасыларға тұсау бола алмайтынын жеткізді.

– Менің анам 8 құрсақ көтерген. Менің де 7 балам бар. Жарық тексеруші болып жұмыс істеймін. Бастапқы екі бала туғанда қиын болды. Олар үлкейген соң бірін бірі бағып, қарайласатын болады. Ата-енемнің қолында тұрамыз. Күйеуім зауытта дәнекерлеуші болып істеді. Өзі ниеттеніп Оңтүстік Кореяға жұмысқа кетті. Бір таңғаларлық жағдай, үй кезекке тұрғанбыз, кезегіміз де келді. Бірақ табысыңыз жетпейді деп Отбасы банк, бізге үй беруден бас тартты. Сонда Күміс алқа, Алтын алқа алып жатқан алтын құрсақты аналар үйге қалай қол жеткізбек. Сондай-ақ әр балаға берілетін жәрдемақы тым аз. Қанша дегенмен, жанұяларды қолдау тетіктері шықпаса, жастардың туа беруі екіталай, - дейді көп балалы ана.

Егемендік алған шақтарда қазақ ұлтының саны небәрі 38 пайызды төңіректепті.

Дариха Молдағалиева «Батыр ана» атағын өткен ғасырдың 70-80 жылдары иеленген. Бүгінде бүкіл бір әулеттің аяулы анасына айналып отыр.

– Менің енем 9 құрсақ көтеріп, содан 6 баланы асырап бақты. Ата-анам да 7 баланы өмірге әкелді. Бізді бағып-қағып қанаттандырды. Ол кезде солай болатын. Біз шалымыз екеуміз 10 баланы бағып өсірдік. Ол кісі совхозда кассир, есепші, кейін директор болды. Сол уақытта ет те, сүт те мол болатын. Балаға мектеп жасындағы қайындарым қарады, енем көмектесті. Сөйтіп қалай өскенін білмей қалдық. Мен 45 жасымда бала санымен зейнеткерлікке шықтым. Жолдасым пысық болды, күріш екті, саудамен айналысты, тұрмыстық қиыншылыққа тап болмадық. Ішіп-жейтін азық-түлік таза болатын айран, сүт, құрт, май үзілмейтін. Қазіргі тамақтар химикат. Сондықтан тууда қиын деп санаймын. Оның үстіне жағдай көп балалы болуды көтермейтін сияқты. Сол себепті де жас отбасыларды жан-жақты қолдау керек, - дейді зейнеткер.

КӨРШІЛЕР КӨШ БАСТАҒАНДА БІЗГЕ НЕ БОЛДЫ?

Орталық Азиядағы тағы бір іргелес ел Өзбекстанның мемлекеттік статистика комитетінің мәліметіне зер салсақ, 1991 жылы елдегі халық саны 20,6 миллион болған. Содан бері 18 млн адамға көбейіп, 38,2 млн халық санына жетті. Бүгінде жылына 1 млн адам қосылып отыр. Өзбекстан Орталық Азияда халық саны жағынан бірінші орында тұр.

БҰҰ мәліметтерінше, 1991 жылы Қырғызстан халқы 4,4 миллион адам болса, қазір 7,4 миллионнан асты.  Түркіменстан халқы 1991 жылы 3,8 миллион адам болса, қазір 7,7 миллионға жуықтады. Ал Тәжікстан халқы дербестік алған шақта 5,5 млн болса, бүгінде 11 млн адамға жетті. Осы 35 жылдың ішінде 2-2,5 есе көбейіп, 4-5 млн  адам қосқан. Демек, Орталық Азиядағы, бұрынғы посткеңестік елдердің халық саны артып барады деген сөз.

Қазақ халқы «қой егіз тапса, шөптің басы айыр болады» дейді. Бұл – ежелден келе жатқан, терең философиялық мәні бар мақал. Ата-бабаларымыз «әр баланың несібесі бар» деп, ұрпағының саны да, сапасы да болғанын қалайтын. Ал бүгінде осы құндылықтар көмескілене бастағандай.

Білікті экономист, қаржыгер Бекнұр Қисықов халық саны артуы үшін, отбасы құндылығына маңыз берген жөн деп санайды.
– Бұрын отбасы құндылығы маңызды болатын. Бір үйде 10 балаға дейін болатын. Қазір әрі кетсе, 5-6 бала туылады. Оның өзін асырап бағу оңай емес.
Отыздағы орда бұзар жігіттердің үйленбей жүргені қиналтады.

Жастар мансап қуып, шетел көріп, жанұялы болуды кейінге ысырып тастап жүр. Сол үшін мемлекеттік жас отбасыларға үй алуға жағдай жасап, әлеуметтік тұрғыдан қамсыздандырып, әр балаға төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшерін көбейтсе екен. Сондай-ақ қазақтың дәстүрлі отбасы құндылығын дәріптеп, көп балалы болуға ынталандыру қажет, – деп санайды экономист.

ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ӨЗГЕРУІНІҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

ҰСБ дерегінше, елімізде жастардың отбасын құру жасы жыл санап қарқынды түрде ұлғайып келеді. Сәйкесінше 2014 жылдары орташа үйлену жасы ерлерде – 26, әйелдерде – 24 болса, 2026 жылы орташа үйлену жасы ерлерде – 27,9, әйелдерде – 25,3-ке жеткен. Жылына орташа есеппен 115-124 мың айналасында неке қиылады. Соның 3/1 ажырасады. Кейінгі 10 жылдан неке тұру  22%-ға қысқарған. Неке тұрғандар қалада 68,1 % болса, ауылда 31,9 % тіркелген.

Елде 350 мың қыз тұрмыс құрмай, оң босағада отырғаны да жасырын емес. Сөйтіп 35 жастан асқан бойдақ қыз-жігіт азаймай тұр. Бұл ұлттық мүдде тұрғысынан ойланатын-ақ проблема. Некеге тұру, кеш үйлену, отбасын құруға асықпаудың бірнеше факторлары бар екен. 

Қазақстандық қоғамдық даму институты сарапшы, Phd доктор Сәуле Дюсупова отбасын құруға асықпаудың бірнеше факторларын атады.

– Қазір құндылықтар өзгеріп жатыр. ХХ ғасырдың 70-80 жылдарына қарағанда қазір басқаша. Көбі бакалавр бітіріп, магистратура, докторантураға түсуді аңсайды, көздейді. Шетелге барып оқып келем деушілер көп. Қазіргі 2005 жылдан бері қарайғы жастар шаңырақ көтеруге асықпайды, – дейді демограф.

Ресми деректерге сүйенсек, бакалавриатта студенттердің жалпы санының 53,7%-ын әйелдер құрайды.  Магистранттар арасында әйелдер үлесі – 63,1%. Ал докторанттардың басым бөлігі, яғни 62,2%-ы әйелдер екен.

Бұл бағытта әлеуметтанушы Серік Бейсембаев та құндылықтар өзгергенін байқап, ой-пайымын білдіріп жүр.

– Жоғары білім алған әйел ерлермен бірдей жұмыс істеп, табыс тапқысы келеді. Ол бұрынғыдай отбасы, ошақ қасында қалғысы келмейді. Бұл – дәстүрлі қоғамнан индустриялды қоғамға өтудің белгісі. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанда Орталық Азия елдеріне қарағанда көп өзгешелік бар, – дейді социолог.

Қазақ халқы «сан бар жерде, сапа бар» деп бекер айтпаған. Халқымыздың саны артып, елдің әлеуметтік экономикалық көрсеткіштерінің жақсаруы  демографияға байланысты екені анық.

Олжас Жолдыбай

评论
其他材料