Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

86
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tRSTvfsuoLT3t0pwPLjQMiRqjAO3iwv0ZojrYG7G.jpg
Ұлттық банк базалық мөлшерлеме туралы шешімін жариялап, мөлшерлемені жылдық 18 пайыздан 17 пайызға дейін төмендеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

"Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 17,00 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім кезекті болжамды раундтың нәтижесіне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер мен инфляция тәуекелдері теңгерімінің жаңартылған бағалауына сүйеніп қабылданды", - делінген хабарламада.

Ұлттық банктің мәліметінше, жылдық инфляцияның баяулау үрдісі жалғасып келеді: Өткен жылғы қыркүйектегі ең жоғары мән – 12,9 пайыздан 2,5 пайыздық тармаққа төмендеп, биылғы мамыр айының қорытындысы бойынша 10,4 пайыз болған.

"Азық-түлік инфляциясы 10,7 пайызға дейін төмендеді. Бұған жеміс-жидек пен көкөніс, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен жекелеген импорттық тауарлар бағасы өсімінің баяулауы себеп болды.

Азық-түлікке жатпайтын инфляцияның өсу қарқыны (11,7 пайыз) бұрынғы деңгейінде сақталды. Бұл бағытқа теңге бағамының нығаюы мен тұтынушылық кредиттеудің бәсеңдеуі салдарынан сұраныстың тұрақтану белгілері әсер етті.

Көрсетілетін қызметтер бағасының өсуі де сұраныстың тұрақтануы мен тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтері өсімінің бәсеңдеуінен баяулап, 8,7 пайыз болды", - делінген хабарламада.

Мамырда айлық инфляция 0,7 пайызға дейін баяулаған (сәуірде – 0,8 пайыз). Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция да 0,7 пайызға дейін төмендеген.

Халықтың алдағы бір жылға арналған инфляциялық күтулері мамырда 12,7 пайыз болған. Кейінгі екі айда бұл көрсеткіш 12,4-12,7 пайыз аралығында қалыптасқан.

"Ал өткен жылдың ортасынан бері ол тұрақты түрде 13-14 пайыздан жоғары болған еді. Қазіргі күтулердің едәуір бөлігі реттелетін бағалар реформасының ықпалымен қалыптасып отыр. Ал нарыққа кәсіби қатысушылардың 2026 жылдың соңына қарай инфляция бойынша күтулері 10,0 пайыз деңгейінде өзгеріссіз қалды", - делінген хабарламада.

Азық-түліктің әлемдік бағасы – өсімдік майы, ет және дәнді дақылдардың қымбаттауы есебінен бірқалыпты өсіп жатыр, ал қант пен сүт өнімдерінің бағасы төмендеп отыр.

Ресей Федерациясында да инфляцияның баяулау белгілері байқалады. ЕО мен АҚШ-та энергия көздері бағасының жоғары сақталуына байланысты дезинфляция процесі тоқтап қалды. Осыған орай, жетекші орталық банктер ақша-кредит саясатын сақтықпен жүргізіп отыр және оны кез келген уақытта түзетуге дайын екенін байқатты.

Жаңартылған базалық сценарий аясында алдыңғы болжамдармен салыстырғанда, осы жылдың соңына дейін Brent маркалы мұнайдың бағасы неғұрлым жоғары деңгей – 1 баррель үшін 90 АҚШ доллары көлемінде болады деп болжанады. Мұнай бағасының мұндай динамикасы Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің әсерінен қалыптасып отыр. Болжам бойынша баға біртіндеп төмендеп, 2027 жылы барреліне 75 АҚШ долларын, ал 2028 жылы 65 АҚШ долларын құрамақ.

2026 жылға арналған инфляция болжамы 9-11%-ға дейін (бұған дейін 9,5-11,5%) төмендеу жағына қарай қайта қаралды. Бұған баға өсімінің іс жүзінде тез баяулауы, ҚҚС көтерілуінің бағаға шектеулі әсері, сондай-ақ теңге бағамының нығаюы бірден-бір себеп болды.

Ұлттық Банк биыл инфляцияның бір мәнді деңгейге төмендеуін күтеді. Бұған ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары мен Үкіметпен бірлесіп атқарылып жатқан макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары септігін тигізеді. Болжам бойынша, 2027 жылы инфляция 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды, ал 2028 жылы 5%-дық нысаналы көрсеткішке дейін тұрақтанады. Ол сыртқы инфляциялық жағдайдың қалыпқа келуіне, инфляциялық күтулердің төмендеуіне, квазифискалдық ынталандырудың және фискалдық шоғырландырудың азаюы аясында орын алады.

Инфляция тәуекелдерінің проинфляциялық бағытқа қарай ығысу дәрежесі төмендеді. Бірінші жартыжылдықтағы бірқалыпты ішкі сұраныс пен теңгенің нығаюына ықпал еткен қолайлы сыртқы конъюнктура жинақталған проинфляциялық қысымды ішінара теңестірді.

Ішкі тәуекелдер: Квазифискалдық ынталандыру аясында сұраныстың жедел өсуі, ақша агрегаттарының кеңеюі, құбылмалы инфляциялық күтулер, сондай-ақ ТКҚ тарифтері мен ЖЖМ бағаларын реформалау параметрлерінің нақты іске асуы.

Сыртқы тәуекелдер: Сыртқы инфляциялық қысымды күшейтетін және әлемдік нарықтағы құбылмалылықты арттыратын геосаяси шиеленістер.

2026 жылға арналған ЖІӨ-нің өсу болжамы жақсарып, 4,5-5,5% аралығында бағаланды. Болжам нақты экономикалық белсенділіктің жоғарылауы мен мұнай бағасындағы алғышарттардың жақсаруына байланысты қайта қаралды. 2027-2028 жылдары ЖІӨ өсімі 3,5-4,5% деңгейінде болады деп күтіледі. Ортамерзімді келешекте экономикадағы өсім ішкі сұраныстың неғұрлым теңгерімді динамикасы мен мұнай бағасының төмендеуі жағдайында қалыптасады.

Қол жеткізілген инфляцияның баяулауы мен болжамдардың жақсаруына байланысты осы отырыста базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі қалыптасты. Сонымен бірге, биыл инфляцияның бір мәнді көрсеткiшке дейін төмендеуін қамтамасыз ету және ортамерзімді келешектегі мақсатқа қол жеткізу үшін ақша-кредит шарттарының ұстамды қатаңдығын сақтау қажет. Бұдан кейінгі шешімдер инфляцияның нақты траекториясына, ішкі сұраныс динамикасына, фискалдық параметрлердің орындалуына және квазифискалдық ынталандырудың әсеріне сүйене отырып қабылданады.

Қабылданған шешімге түрткі болған факторлар мен болжамдар туралы толық ақпарат 2026 жылғы 10 маусымда Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында1 жарияланатын Ақша-кредит саясаты туралы баяндамада беріледі. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылғы 24 шілдеде Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

评论
其他材料