Кәсіп, кепіл, ұлттық өнім. Halyk бизнеске қалай қолдау көрсетуде?

249
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9kS10VexbtnHCSoO1HNRt8eKURYz1TObdD0tBNKy.jpg

Елордадағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында отандық кәсіпкерлердің басын қосатын дәстүрлі «Ulttyq Ónim» көрмесі тоғызыншы рет өтіп жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 600-ден астам кәсіпорын өз өнімдерін көпшілікке ұсынды.

Шараның салтанатты ашылуында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин отандық өндірісті жүйелі дамыту мен шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтудің маңызына тоқталып, Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің құттықтау хатын оқып берді.

Экспозиция аясында инвесторлар, мемлекеттік органдар мен қаржы институттары, сондай-ақ халықаралық сарапшылар арасындағы байланысты нығайтатын мазмұнды іскерлік бағдарламалар қарастырылған. Форум аясында «Кепілдік – қаржыға қол жеткізуге мүмкіндік беретін негізгі құрал» атты панельдік сессиясы өтті. Жиын барысында кәсіпкерлікті ілгерілету және бизнес өкілдерін оқыту мәселесі де қызу талқыланды.

Сала мамандарының басын қосқан талқылау барысында Halyk Bank Басқарма төрайымының орынбасары Ольга Вурос әйелдердің кәсіппен айналысу мүмкіндігіне тоқталды.

 «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау туралы айтатын болсақ, бізде жыл сайын ілгерілетіп отыратын арнайы бағдарламамыз бар. Біз банктің өз қаражаты есебінен жеңілдікті қаржыландыру бөлеміз. Биыл бұл жеңілдікті мөлшерлемелер бойынша шамамен 1 миллиард теңгені құрады. Біз әйелдерді қаржыландырамыз, бірақ жобаны қаржыландырмас бұрын оқытудан өткіземіз. Өңірлерді аралап, қатысушыларды жинаймыз, оларды оқытып, бизнес-жоспар дайындауға, жобаны таныстыруды үйретеміз.

Visa компаниясымен бірлесіп, ең үздік жобаларды таңдаймыз. Visa бұл жобаларды жүзеге асыру үшін өз гранттарын береді. Ал біз бұл лимиттерді бөлеміз, бірақ олар толыққанды сараптамадан өтеді. Яғни, олар өтініммен, өз бизнес-пландарымен жүгінеді, толық скорингтік тексерістен өтеді. Демек, бұл жерде «Даму» қоры тарапынан оқытуға қолдау көрсетілсе, біздің тарапымыздан жеңілдікті мөлшерлемемен қаржыландыру ұсынылады», - деп атап өтті Halyk Bank Басқарма төрайымының орынбасары Ольга Вурос.

Көрмені аралап, отандық кәсіпорындардың әлеуетін бағамдаған ресми өкілдер нарықты қолдаудың нақты нәтижелерін де бөлісті.

«Елімізде шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Қаржыландыруға мүмкіндікті молайту және кәсіпкерлерді көптеп қолдау мақсатында «Даму» Қоры кепілдік беру құралдарын едәуір кеңейтті. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің жабдықтарын жаңғыртуға арналған «Өрлеу» және «Өрлеу-лизинг» жеңілдікпен несиелеу бағдарламалары арқылы нарықтық қолдау тетіктері күшейтілді. Бұдан бөлек, шағын қалалар мен ауылдардағы микро және шағын бизнеске кешенді қолдау көрсетуге арналған «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды.

Қордың өңірлік филиалдары базасында «Бәйтерек» холдингінің бизнесті қолдау бағдарламалары бойынша Бірыңғай фронт-офистер құрылды. Ал шалғай аудандар үшін мобильді фронт-офистер – кәсіпкерлерге кеңес беру үшін арнайы жабдықталған микроавтобустар іске қосылуда. Тек 2025 жылдың өзінде «Даму» қоры арқылы бизнесті дамытуға 560 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Нәтижесінде жалпы несие көлемі 2,2 трлн теңгені құрайтын шамамен 13 мың жоба қолдау тапты. Осы шаралардың арқасында 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 143 мыңнан астам жұмыс орны сақталды. Кәсіпорындар 27,7 трлн теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке шамамен 2 трлн теңге көлемінде салық түсті», – деді «Даму» қоры басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев.

Көрме сөрелерінен азық-түлік, жеңіл және химия өнеркәсібі, машина жасау, жиһаз бен құрылыс саласының тауарларын табуға болады. Биыл көрме ауқымына қызмет көрсету секторы қосылды.






评论
其他材料