Полицейге пранк жасап, шаурма сыйлаған блогерлер 15 күнге қамалды

200
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/sRmadMuKsSRKI7ARwtUGNQVPF4TyBtq02KpAs6CB.webp

Фото:instagram.com/serikuly__appaz/

Астанада блогерлер полицейдің әрекетін видеоға түсіру мақсатында суға батып бара жатқан адамның кейіпін көрсетіп, пранк жасаған. Кейін бұл оқиға шаурма жарнамасы үшін екені анықталды, деп хабарлайды "Адырна".

Блогер Аппаз Серікұлы әлеуметтік желіде жариялаған видеода адамдар полиция қызметкерін суға батып бара жатқан адамға көмектесуге шақырады. Оқиға орнына жедел жеткен полицей суға түсіп, “зардап шеккен адамды” жағаға алып шығады.

Алайда кейін бұл жағдай әлеуметтік тәжірибе ретінде ұйымдастырылғаны, ал “жәбірленушінің” рөлін кәсіби жүзгіш орындағаны белгілі болды. Видео тамақтану орнымен бірлескен жарнама ретінде жарияланған.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Гребной канал аумағында болған.

“Азамат құқық қорғау қызметкерін "сынау" мақсатында суға бату жағдайын пранк ретінде ұйымдастырған. Бұл шынайы оқиға емес”, – делінген ресми хабарламада.

Полиция мұндай әрекеттердің қоғамдық тәртіпті бұзатынын ескертіп, құқық қорғау органдарының жұмысын әдейі жаңылыстыруға болмайтынын айтты.

Сот шешімімен аталған іске қатысқандар ұсақ бұзақылық бабы бойынша 10 және 15 тәулікке қамауға алынды.

Құзырлы орган азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және төтенше қызметтердің жұмысын құрметтеуге шақырды.

评论