Бұрынғы дін қызметкерін психиатриялық сараптамаға жіберу шешімі алаңдаушылық тудырды

76
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Z6hCeAnYkf5VEQHTpTuNoqYFaPCqmyzXMZheoE5O.jpg

Қамауда отырған Иаков Воронцовты мәжбүрлі психиатриялық сараптамаға жіберу туралы сот шешімі қорғаушылар арасында алаңдаушылық туғызды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, тергеу сотының Воронцовты Қарағанды облысындағы Ақтас кентіндегі психиатриялық мекемеге жіберу туралы қаулысы оған алдын ала ескертілмей берілген. Қорғаушы бұл шешімге бірден жеке шағым түсіріп, істің апелляциялық сатыда қаралуын күтіп отырғанын айтты. Адвокаттың сөзінше, шешім заңды күшіне енбейінше, Воронцовты психиатриялық ауруханаға этаппен жіберуге болмайды. Алайда қорғау тарапы оны «ақыл-есі дұрыс емес» деп танып, кейін мәжбүрлі емдеуге жіберу қаупіне алаңдайды.

Ғалым Нұрпейісов бұған дейін қорғау тарабы ерікті психиатриялық сараптамадан бас тартқанын және оның қорғауындағы азаматтың психикалық ауытқуы бар екенін дәлелдейтін негіз жоқ екенін мәлімдеді. 

Әлемдік аты Владимир Воронцов болған бұрынғы дін қызметкері Қазақстанда туған. Ол соғыстың алғашқы күндерінен бастап Ресей әрекетін агрессия деп атап, Қазақстанды Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шығуға шақырған.

2023 жылы Воронцовқа «алауыздық қоздыру» бабы бойынша іс қозғалған. Алайда 2025 жылдың мамырында қылмыс құрамы болмағандықтан іс тоқтатылған. Сонымен қатар ол Алматыда Мәскеуге бағынбайтын тәуелсіз православ шіркеуін тіркеуге тырысқан. Бірақ Қазақстан Республикасының әділет министрлігі тіркеуден бірнеше рет бас тартқан. Осыған байланысты 2026 жылғы 10 ақпанда Воронцов Алматы қалалық әділет департаментіне қарсы сотқа талап арыз берген. Ал 13 ақпанға қараған түні күштік құрылым қызметкерлері оның пәтерінде тінту жүргізіп, ұнтақ тәрізді заттардың тәркіленгенін хабарлаған. Кейін Воронцов есірткі қолданды деген әкімшілік іс бойынша 10 тәулікке қамалған. Ал оның өзі есірткі заттары қолдан жасалып, әдейі тасталғанын мәлімдеген. 23 ақпанда ол Қазақстан Қылмыстық кодексінің 296 және 302-баптары бойынша күдікті деп танылып, екі айға қамауға алынған. Сот денсаулық жағдайына қатысты дәлелдерге қарамастан, үйқамақ немесе кепілмен босату туралы өтінішті қанағаттандырмаған.

Құқық қорғаушылар бұл істі саяси және діни қудалаудың белгісі ретінде бағалап отыр. Ал Қазақстан митрополиялық округі Воронцовтың тәуелсіз шіркеу құру әрекетін «жікшілдік» деп атаған.

2026 жылдың наурызында Иаков Воронцов АҚШ-тың халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясы жүргізетін сенімі үшін қудаланған тұлғалар базасына енгізілген.

Қорғаушылар мен құқық қорғаушылар мәжбүрлі психиатриялық сараптама шешімін қысым көрсету құралы ретінде бағалап, бұл жағдай саяси сипаттағы істерде психиатрияны пайдалану тәжірибесін еске салатынын айтуда.

评论