Депутат Байтілесов былапыт сөз қолданылатын тренингтерге баға беруді талап етті

116
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/QbnRcQJS7l17hLsdKSVXZMu8qiF7Oqkj8hyCb9yJ.webp

AMANAT фракциясының депутаттары Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновке жаппай тренингтер мен іс-шараларда былапыт сөздерді ашық қолдану фактілеріне құқықтық әрі этикалық баға беру туралы депутаттық сауал жолдады.

Тиісті сауалды депутат Нұрсұлтан Байтілесов жария етті.

Өтініште Астанада өткен «трансформациялық» тренингтердің бірінде қатысушылардың психологиялық тәжірибе деген желеумен жаппай бейәдеп сөздер қолданған видеосы қоғамда кең резонанс тудырғаны айтылған.

Депутаттардың мәліметінше, аталған шараны ұйымдастырушы ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар депутаттар мұны бір реттік жағдай емес, қоғамдағы ауқымды тенденцияның көрінісі деп санайды.

«Іс жүзінде біз қоғамдық коммуникациядағы рұқсат етілген шекаралардың бұлыңғырланып бара жатқанын көріп отырмыз. Былапыт сөздер қалыпты құбылыс ретінде қабылдана бастады», – делінген депутаттық сауалда.

Депутаттарды балаларға әсері алаңдатады

Сауал авторлары әсіресе білім беру және ағартушылық ортада агрессивті әрі обсценді лексиканың насихатталуы алаңдатарлық жағдай екенін атап өтті.

Олардың пікірінше, мәселе жүйелі сипат алып барады. Өйткені балалар мен жасөспірімдер интернетте, әлеуметтік желілерде және күнделікті өмірде мұндай контентпен жиі бетпе-бет келеді.

Депутаттар «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңның 36-бабына сәйкес мемлекет кәмелетке толмағандарды олардың рухани және адамгершілік дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға міндетті екенін еске салды.

Депутаттар не ұсынды?

AMANAT фракциясы Үкіметке:

— жаппай тренингтер мен іс-шараларда былапыт сөздерді жария қолдануға ресми құқықтық және этикалық баға беруді;

— тренинг, семинар және лекция ұйымдастырушыларына нақты этикалық талаптар енгізу мүмкіндігін қарастыруды;

— әсіресе жастар мен әлеуметтік желілер арасында сөйлеу мәдениетін, сыйластық қағидаларын және «Адал азамат» құндылықтарын насихаттауды күшейтуді ұсынды.

Сауалда сөзге құрмет пен қарым-қатынас мәдениеті мемлекеттік саясат пен қоғамдық тәрбиенің маңызды бөлігі болып қалуы тиіс екені де атап өтілген.

评论