Бортында хантавирус індеті тіркелген MV Hondius круиздік лайнерінде вирус жұқтыру дерегі көбейді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының эпидемиологиялық талдау және әрекет ету бөлімінің басшысы Оливье Ле Поли мәлімдеді.
ДДС өкілінің айтуынша, тіркелген тоғыз жағдайдың жетеуі зертханалық түрде расталған. Сондай-ақ, үш науқас көз жұмған.
Мамандардың мәліметінше, хантавирустық кардиопульмональды синдром — өкпе мен жүрекке әсер ететін қауіпті респираторлық ауру. Оның өлім-жітім көрсеткіші 50 пайызға дейін жетуі мүмкін. Ауру өте тез дамиды және ауыр асқынуларға әкеледі.
Хантавирустың шамамен 20 түрі бар, олар негізінен Солтүстік және Оңтүстік Америкада кездеседі. Сондай-ақ геморрагиялық қызба бүйрек синдромымен бірге қан тамырлары мен бүйректерді зақымдайды.
Аурудың белгілері вирус түріне қарай 1–8 апта ішінде байқалуы мүмкін. Көбіне қызба, жүрек айну, құсу, іш өту, іштің ауыруы, бас және бұлшықет ауыруы сияқты симптомдар кездеседі.
Айта кетейік, вирустың жұқтыру дерегі Францияда анықталғаны хабарланған.
