3 ірі МӨЗ-де жоспарлы жөндеу жұмыстары қашан жүргізілетіні айтылды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Peo9ZWKMG0hWje8miznED5AfCM5KuNEwIzdrkmN6.jpg

Биыл Шымкент, Атырау және Павлодардағы үш ірі мұнай өңдеу зауытында жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Энергетика министрлігі бұл жағдайға қарамастан ішкі нарықта бензин мен дизель отынының тапшылығы күтілмейтінін, сондай-ақ егін егу науқаны толық көлемде жанармаймен қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, бірінші болып Шымкент мұнай өңдеу зауыты жөндеуден өткен. Ондағы капиталдық жұмыстар 27 наурыз бен 25 сәуір аралығында 30 күнге созылған және мерзімінен бұрын аяқталған.

Атырау мұнай өңдеу зауытында ағымдағы жөндеу 26 маусым – 15 шілде аралығына жоспарланған, зауыт 20 күнге тоқтайды. Ал Павлодар мұнай-химия зауыты 18 қыркүйек – 17 қазан аралығында 30 күндік күрделі жөндеуге жабылады.

Ведомствоның айтуынша, барлық жағдайда тек жекелеген технологиялық қондырғылар ішінара тоқтатылады. Үш зауытта да бастапқы мұнай өңдеу қондырғылары жөндеуге шығарылады, өйткені олар өндіріс көлемін айқындайтын негізгі буындар болып саналады. Сонымен қатар, Шымкент зауытында дизель отынын гидротазарту және каталитикалық крекинг қондырғылары да жөнделген. Caspi Bitum кәсіпорны тек битум өндіруге маманданғандықтан, жанармай өндірісіне әсер етпейді.

Министрлік жөндеулердің нарыққа әсерін азайту үшін бірнеше шара қолданылатынын айтады: зауыттар кезекпен тоқтатылады, біреуі жөндеуде болса, қалғандары қалыпты режимде жұмыс істейді. Сондай-ақ алдын ала жанармай қоры жасақталып, стратегиялық резервтер пайдаланылады.

Көктемгі егіс жұмыстарына қатысты дизель отыны бойынша да жағдай түсіндірілген. Елдегі жалпы қор 635 мың тонна дизельді құрайды, бұл аграрлық секторды толық қамтамасыз етуге жеткілікті деп есептеледі.

2026 жылғы егін егу науқанына 402 мың тонна жеңілдетілген дизель бөлінген. Оның бағасы литріне 281 теңге болып бекітілген, бұл нарық бағасынан шамамен 15% төмен. Жеткізу ақпаннан маусымға дейін жүзеге асады. Бақылау үшін цифрлық және түстік маркалау, сондай-ақ электрондық шот-фактура жүйесінде бөлек виртуалды қойма енгізілген.

Министрлік өкілдері дизель тапшылығының қаупі жоқ екенін және жөндеу жұмыстары ішкі нарықтағы бағаға айтарлықтай әсер етпейтінін атап өтті.

评论