Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстерін іске қосу әзірге мүмкін болмай отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Air Astana әуе компаниясының басшысы мәлімдеді.
Оның айтуынша, АҚШ бағытына тікелей рейс ашу үшін бірқатар қатаң талаптарды орындау қажет. Соның ішінде негізгі мәселе — қолайлы әрі қолжетімді әуе маршрутының болмауы.
Компания басшысы АҚШ-қа ұшу рұқсатын алу басқа халықаралық бағыттарға қарағанда әлдеқайда күрделі екенін атап өтті. Америкалық тарап қауіпсіздік, логистика және маршруттау талаптарын күшейткен.
Сондай-ақ ол полярлық маршруттың маңызын ерекше атап өтті. Алайда бұл бағытты пайдалану тек техникалық мүмкіндіктерге ғана емес, өзге елдердің әуе кеңістігі арқылы ұшуға берілетін рұқсаттарға да байланысты.
Әуе компания басшысының сөзінше, қазіргі таңда нақты мерзім айту қиын, себебі бұл мәселе тек әуе компаниясына ғана тәуелді емес. Мәселенің шешілуіне Ресейге қарсы енгізілген санкциялар мен оның әуе кеңістігін пайдалануға қойылған шектеулер де әсер етіп отыр. Осы факторлар сақталған жағдайда, тікелей рейстердің іске қосылу мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін.
