Қазақ ақыны Әзербайжан төрінде

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2bSpl5PQwuHa9EpTrriBcaKbKmdZPgsr8bpG18qb.jpg

Бауырлас Әзербайжан елінің астанасы – Баку қаласында, Ұлттық ҮЕҰ форумының штаб-пәтерінде Дүниежүзілік Жас Түркі Жазушылар одағы мен «Өңірлік құқықтық және экономикалық ағартушылық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Саят Камшыгердің әзербайжан тіліне аударылып шыққан «Qarabaq» поэма-кітабының тұсаукесері өтті.

        Іс-шара Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық-бауырластық қарым-қатынастың, сондай-ақ Түркі әлеміндегі ортақ әдеби-мәдени платформалардың дамуы тұрғысынан маңызды оқиға ретінде бағаланды.

      Тұсаукесерде кіріспе сөз сөйлеген әзербайжан ақыны Әкбар Қошалы «Qarabaq» кітабының идеялық-эстетикалық ерекшеліктері, автордың шығармашылық бағыты және Қарабақ тақырыбының қазіргі түркі әдебиетінде алған жаңа мазмұндық қырлары туралы кеңінен мәлімет берді. Ол «Qarabaq» поэмасын Түркі әлемінің ортақ құндылығының көркем көрінісі ретінде бағалады. Әкбар Қошалы Қарабақтың түркі рухының, ортақ тарих пен тағдырдың символына айналғанын атап өтті:

       Автор Саят Камшыгер өз сөзінде «Qarabaq» поэмасының тек әдеби жоба ғана емес, сонымен бірге рухани борыштың, бауырластық сезімнің, достықтың көрінісі екенін айтты. Ол Қарабақ тақырыбының қазақ оқырманы үшін де жат емес екенін айтып, осы кітап арқылы Әзербайжан шындығын, Қарабақтың қасіретін, қаһармандықты, Жеңіс тарихын Қазақ еліне көркем туынды арқылы жеткізуді мақсат еткенін білдірді.

      Тұсаукесерде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Төтенше және өкілетті елшісі Әлім Байел екі ел арасындағы қатынастардың стратегиялық серіктестік деңгейінде дамып келе жатқанын айтты. Ол мәдени және әдеби жобалардың достық-бауырластық қатынасты одан әрі нығайтатынын айтты. Елші мұндай шығармалардың халықтар арасындағы рухани жақындасудың ең тиімді құралдарының бірі екенін ерекше атап өтті. Елшінің бауырлас елдің, басқыншылықтан азат етілген Әзербайжан аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс, қайта қалпына келтіру жұмыстарына көрсетілген қолдау туралы айтқаны оқырман тарапынан зор қошеметпен қабылданды.

        Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы қорының аппарат басшысы, тарих ғылымдарының докторы Фахри Валехоғлу өз сөзінде Қарабақ тақырыбының бүгінде жалпы түркілік құндылыққа айналғанын атап өтіп, Саят Қамшыгердің «Qarabaq» поэмасы ортақ мәдени мұраны сақтау және насихаттау тұрғысынан маңызды екенін айтты.

       Мемлекеттік қолдау агенттігінің Бақылау кеңесінің төрағасы, профессор Фуад Мамедов өз сөзінде азаматтық қоғам институттарының осындай бастамалар арқылы ұлттық-рухани құндылықтарды сақтауға және халықаралық мәдени интеграцияға елеулі үлес қосып отырғанын жеткізді.

       Осынау халықаралық іс-шараға қатысып, сөз алғандар кітаптың маңызын түрлі қырынан бағалады. «Өңірлік құқықтық және экономикалық ағартушылық» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Нилуфер Ләтиф, ақын, Дүниежүзілік Жас Түркі Жазушылар одағының төрағасы Интикам Яшар, Материалдық емес мәдени мұраны дамытуды қолдау қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Айдан Яшар өз сөздерінде бұл шараның ұйымдастырушылық тұрғыдан маңызын атап өтіп, мұндай жобалардың тұрақты сипат алу қажеттігін баса айтты.

      Түрколог-ғалым, профессор Низами Тагисой ақын Саят Қамшыгердің бұл поэма-кітабын түркі поэтикалық ойының заманауи көрінісі ретінде бағалап, Қарабақ тақырыбының қазақ әдебиетінде көрініс табуын маңызды әдеби оқиға ретінде сипаттады.

     Қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен жазушылар – Әзербайжан Әдебиет қорының директоры, жазушы-публицист Варис Йолчиев, профессор, ақын Рәсмия Сабыр, Бакудегі Түрік сауда орталығының басшысы Йылмаз Окуклу, диаспора жетекшісі Терлан Қасымов, «Bayraqdar Media» сайты бас редакторының орынбасары, Әзербайжанның Еңбек сіңірген журналисті Надир Исмайылов, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы Фольклор институтының халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Әли Шамиль, «Қайту және жаңғыру үшін» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Вугар Гадиров, «Dirçəliş» жастардың психологиялық-реабилитациялық орталығының жетекшісі Ислам Бахшалиев, танымал журналист Етибар Жабраилоғлы, жазушы Етибар Мурадханлы, Әзербайжан ҰҒА Н.Гәнжауи атындағы Әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Марзия Наджаф, Әдебиет институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Айтен Гурбан, «Çağrı.az» сайтының бас редакторы Мубариз Юнус, «Хазар» университетінің оқытушысы, ғалым Айнұр Газанфарқызы, жазушы Ләтифа Орудж өз сөздерінде кітаптың әдеби-эстетикалық құндылығын, идеялық жүгін және Түркі әлемінде ортақ рухани платформа қалыптастыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

       Іс-шара соңында Саят Қамшыгерге Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің Қоғамдық бірлестіктер және діни ұйымдар комитетінің төрағасы доктор Фазил Мұстафаның атынан алғыс хат табысталды. Басқа да ұйымдар тарапынан автор құрмет грамоталарымен марапатталды.

       Дүниежүзілік Әдебиет және Өнер академиясының президенті Атантай Акбаровтың қазақ ақыны Саят Қамшыгердің поэмасын аударып, кітап етіп шығарған әзербайжандық қаламгерлер Әкбар Қошалы, Елшан Әзим, Рәсмия Сабыр, Етибар Мұрадханлы, Интикам Яшарға, сондай-ақ «Qarabaq» кітабының алғысөзін жазған Арзу Багироваға, үйлестірушісі Нилуфер Ләтифке және рецензенті Тариел Ахмедовке жолдаған Алғыс хаттарын Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы қорының аппарат басшысы Фахри Валехоғлу, профессор Фуад Мамедов және Саят Қамшыгер иелеріне табыстады.

       «Qarabaq» поэма-кітабының тұсаукесері қызықты пікірлер мен жүрекжарды сөздерге толы болды. Іс-шара қатысушылар арасында пікір алмасу және естелік суретке түсумен аяқталды.

 

评论