Мұнай мен газ өндіру көлемі 20%-ға азайған

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Mhsxp9HBUnDZT2MG2yLvq0LFqBB96okhQu8i1kQK.jpg

Елімізде жыл басынан бері мұнай мен газ өндіру көлемін шамамен 20%-ға қысқарған. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Айтуынша, есепті кезеңдегі мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 19,7 млн тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 80,2%-ды құраған. 

«Қарашығанақта шикі газды кері айдаудың 6-шы компрессорын іске қосу жұмыстары жалғастырылуда: іске қосылу биылғы ІІ тоқсанға жоспарланған. Бұл мұнай өндірісін 10-11 млн тонна деңгейінде ұстап тұруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ірі жер қойнауын пайдаланушылармен мұнай өндірісін арттыру шаралары туралы келіссөздер жүргізілуде. Биылғы 3 айдың қорытындысы бойынша – мұнай экспорттау көлемі 15,3 млн тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 78,5%-ға орындалды. 2026 жылға болжам – 76 млн тонна», — деп түсіндірді спикер.

КҚК арқылы Қазақстан мұнайының негізгі бөлігі әлемдік нарықтарға экспортталады. Консорциумның Ресей аумағындағы нысандары өткен жылы бірнеше рет украин дрондарының шабуылына ұшыраған. Қараша айында КҚК-дағы теңіздегі жүк тиеу құрылғыларына шабуыл жасалса, қаңтар айында Қазақстан мұнайын тасымалдауға жалға алынған танкерлерге соққы жасалған.

Энергетика министрлігі бұған дейін Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылдар елдегі мұнай өндіру көлемінің 480 мың тоннаға азаюына әкелгенін хабарлаған. Қазіргі уақытта билік мұнай экспортын әртараптандыру және өндіру көлемін қысқартпау үшін балама бағыттарды белсенді түрде қарастыруда.

评论