Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Ораловтың төрағалығымен нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық штабтың, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі комиссияның отырыстары өтті.
Жиынға мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Ведомствоаралық штаб отырысы аясында нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. «Біз спорт үшін, есірткіге қарсымыз» қоғамдық қорының төрағасы Роман Оразымбетов жастар арасында жүргізіліп жатқан кешенді профилактикалық шаралар туралы баяндама жасады. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мұқаш Оралбай өткен жылы жүзеге асырылған бастамалар туралы есеп беріп, биылғы жоспарларды таныстырды. Қатысушылар синтетикалық есірткілердің таралуы, олардың интернет арқылы қолжетімділігі, сондай-ақ реабилитациялық орталықтардың қызмет сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі комиссия отырысы барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар, бұрын қылмыс жасаған тұлғалармен профилактикалық жұмыс және мас күйінде жасалған қылмыстар мәселелері талқыланды. Маңғыстау облысы Полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы Серік Айдаров жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған 600-ге жуық іс-шараның өткізілгенін атап өтті.
Асхат Оралов нашақорлықпен күресу және құқық бұзушылықтардың алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттары екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы нашақорлықтың алдын алу және өскелең ұрпақты қорғау бойынша жүйелі жұмыстың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Есірткіге қатысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу – бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе жастарды қорғау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, отбасы институтының рөлін күшейту және азаматтардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру маңызды. «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту – біздің ортақ міндетіміз», – деп атап өтті Асхат Оралов.
Отырыстардың қорытындысы бойынша, уәкілетті органдарға профилактикалық шараларды күшейту, жастар арасында жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізу, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды кеңейту, құқық бұзушылықтардың алдын алуды тиімдірек ұйымдастыру, сондай-ақ азаматтарды реабилитациялау және әлеуметтік бейімдеу саласында бақылауды арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
