Баспасөз конференциясы барысында Қазақстандағы Иран елшісі Әли Әкбар Джоукар журналистердің Иранның азық-түлік қауіпсіздігі мен жанар-жағар май қорына қатысты сұрағына жауап берді, деп хабарлайды "Адырна".
Елшінің айтуынша, қазіргі жағдай алдын ала болжанған. Сондықтан Иран тарапы ықтимал қиындықтарды ескере отырып, қажетті стратегиялық қорларды қамтамасыз еткен. Оның сөзінше, мемлекет мұндай жағдайларда елдің азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздігін сақтау үшін тиісті дайындық жұмыстарын жүргізген.
Сонымен қатар соңғы күндері Тегеран маңындағы Карадж қаласында орналасқан мұнай қоймаларына шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тараған. Елшінің пікірінше, мұндай жағдайлар жанар-жағар маймен қамтамасыз ету жүйесіне белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін.
Дегенмен ол халық қазіргі жағдайды түсініп отырғанын және мұндай кезеңде сабыр сақтайтынын атап өтті. Сондай-ақ Иран үкіметі мұндай ықтимал қиындықтарды алдын ала ескеріп, тиісті шараларды жоспарлағанын жеткізді.
