Ерлі-зайыптылардың банк шоттарын білмекке ынтасы Конституциялық сотқа алып келді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/K04KoxvAzK1XjxM0hMBdhXelyAtdwfbfvAKNAciv.jpg

Конституциялық Сот ерлі-зайыптылардың банк құпиясына қол жеткізу мәселесін қарайды. Іс бұрынғы күйеуінің жинақтары туралы ақпаратты ала алмаған азаматша арызы негізінде қозғалған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Өтініш негізінде Конституциялық Сот «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңының 50-бабы 4-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексермек. Аталған нормаға сәйкес, банк құпиясын құрайтын мәліметтер тек клиенттің өзіне немесе шот (мүлік) иесінің келісімімен үшінші тұлғаға ғана ашылуы мүмкін.

Азаматша көрсетілген ереже іс жүзінде ерлі-зайыптылардың бірінің ортақ жинақтар туралы ақпарат алу мүмкіндігін шектейтінін, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіндегі үлеске құқықты іске асыруға кедергі келтіретінін айтқан.

Өтініште көрсетілгендей, некені бұзғаннан кейін ортақ мүлікті бөлу туралы талап-арыз дайындау барысында өтініш беруші бұрынғы жұбайының неке кезеңінде жинақтаған қаржылық қаражаты туралы мәліметтерді ала алмаған.  Осыған байланысты ол екінші деңгейдегі банктерге қатысты тиісті ақпаратты ұсыну міндетін жүктеу туралы талап-арызбен сотқа жүгінген. Алайда сот талаптарды қанағаттандырудан бас тартқан.

Отырысқа өтініш иесі мен оның заң консультанты, Парламент Палаталарының, Бас прокуратураның, Ұлттық Банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Әділет министрлігінің, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының, сондай-ақ Парламентаризм институтының өкілдері қатысқан.

«Конституциялық Соттың қорытынды шешімі Конституциялық заңның 65-бабына сәйкес КС ресми сайтында сілтеме бойынша, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланатын болады»,–делінген хабарламада.

 

 

评论