Көкшетауда ер адам өз бүйрегін сатпақ болған кезде ұсталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 25 мың АҚШ долларына бүйрек сатпақ болған деректі анықтаған. Ер адам Алматы облысының тұрғыны екені анықталды.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті әлеуметтік желілерде өз ағзасын сату туралы хабарландыру жариялаған. Бұл жазбаға жедел қызметкерлер назар аударып, арнайы шаралар жүргізген. Нәтижесінде ер адам Көкшетауда ақша қаражатының бір бөлігін алу кезінде қолға түсті.
Ұсталған кезде оның жанынан ақша, ұялы телефон, сондай-ақ медициналық анықтамалар мен талдау нәтижелері тәркіленген. Полиция мәліметінше, күдікті бұған дейін де осындай хабарландыруларды бірнеше рет жариялаған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, барлық мән-жайлар анықталуда.
Айта кетейік, Қазақстанда адам ағзаларын сатып алу және сату заңмен тыйым салынған.
Түркістан қаласының тұрғыны бүйрегін 13 млн теңгеге сатпақ болған.