Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, TikTok әлеуметтік желісіндегі жазған пікіріне байланысты бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бұл жағдай Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуды насихаттау деп бағаланып, елдің заңнамасына сәйкес, әйелдің ісі қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды “Адырна”.
2025 жылы әйел Петропавл қаласының атауы талқыланған TikTok бейнеролигінің астына пікір қалдырған. Оның пікірінде қала Ресейге тиесілі болуы керек деген ой айтылған, әрі «аумақтардың қайтарылуы» туралы да айтқан.
Тергеушілер бұл пікірді Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған деп тапты. Бір қолданушы осы жазбаны e-Otinish платформасы арқылы шағым ретінде жіберген.
Тергеу барысында әйелдің жеке басы анықталды, оның телефоны тәркіленіп, сараптама жүргізілді. Психолого-филологиялық сараптама нәтижесінде, әйелдің жазған пікірінен тыйым салынған насихаттың белгілері табылған. Сотта айыпталушы кінәсін мойындамады, оның айтуынша, ол тек бабасынан естіген «тарихи факт» туралы айтқан және бұл пікірді қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін болжаған жоқ.
Айыпталушы өз пікірін «дұрыс жеткізе алмай қалғанын» және TikTok алгоритмдерінің толық ой жеткізуге кедергі жасағанын мәлімдеді. Сонымен қатар, әлеуметтік желі қолданушылары оған ескерту жасап, заңды жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтқан.
Сот әйелді ҚР Қылмыстық кодексінің 180-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, орта қауіпсіздік мекемесінде бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім шығару кезінде айыпталушы сот залында қамауға алынды. Үкімнің заңды күшіне енуі әлі күтілуде.