Күйеуінің рұқсатынсыз төркініне барғандар жазаланады

486
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TIWaXAeKTsJiwKpKEioFzOaslKzwxLA4A2E3EyzR.jpg

Ауғанстанда «Талибан» қозғалысының билігі жаңа Қылмыстық кодексті ресми түрде қабылдады. Бұл құжат құқық қорғау ұйымдары мен халықаралық қауымдастық тарапынан қатты сынға ұшырады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі The Sunday Guardian басылымына сілтеме жасап.

Сарапшылардың айтуынша, кодекстің кейбір бабы тұрмыстық зорлық-зомбылықты іс жүзінде заңдастырып, әйелдер мен балалардың негізгі құқықтарын едәуір шектейді. 

«Құқық қорғаушылар жазалардың теңгерімсіздігіне де назар аударды. Әйел адамға дене жарақатын келтіргені үшін берілетін жаза кейбір зорлыққа қатысы жоқ құқықбұзушылықтарға қарағанда әлдеқайда жеңіл болуы мүмкін»,-делінген хабарламада.

Ерекше наразылық туғызғаны — ерлі-зайыптылар арасындағы зорлық мәселесіне арналған 32-бап. Онда «әдепсіз күш қолдану» арқылы әйелін ұрып-соққан ер адам (яғни «көрінетін жаралар немесе көгерулер» болған жағдайда) небәрі 15 тәулікке ғана түрмеге қамалуы мүмкін. Бірақ бұл жаза әйел сотта зорлық фактісін дәлелдей алған жағдайда ғана қолданылады. Сонымен қатар 34-бапта күйеуінің рұқсатынсыз төркініне барған әйелге және оны қайта жібермеген туыстарына үш айға дейін түрме жазасы көзделген.

«Кодекс жеке адамның құқықтарынан гөрі әлеуметтік бақылауды, патриархатты және идеологиялық қысымды жоғары қояды. Ол әйелдерге көбірек әсер етіп, олардың жүріп-тұруын, қарым-қатынасын, отбасылық шешімдерін және жеке сенімдерін қатаң реттейді, ал зорлық-зомбылықтан қорғану мүмкіндігін шектеулі деңгейде ғана ұсынады»,-дейді мамандар.

Сонымен қатар діннен «безгендерге» қатысты да қатаң шаралар қарастырылған. 58-бапқа сәйкес, исламнан бас тартқан әйелдер өмір бойына түрмеге қамалып, тәубесіне келгенге дейін әр үш күн сайын 10 дүре соғуға үкім етілуі мүмкін.

Ал ер адамдарға қатысты басқа тәртіп қолданылады. Ханафи  мазхабы бойынша, оларға тәубеге келу үшін үш күнге дейін уақыт беріледі, содан кейін өлім жазасына кесілуі мүмкін. Құқық қорғаушылар мұны заң қолданудағы гендерлік кемсітушіліктің айқын мысалы деп санайды.

评论