«HITACHI» турбинасы толық қуатына көшті

174
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/KVt3s8Gj99vK5mwSxonA8gQSOUlnuTE8q7qcGov2.jpg

Оралдағы жылу электр орталығында жапондық «Hitachi» компаниясының газ турбиналық қондырғысы күрделі жөндеуден соң іске қосылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.

Қуаты 28 МВт болатын газ турбиналы қондырғы осыдан 20 жыл бұрын орнатылған. 2019 жылы жоспарлы инспекциялық тексеріс жүргізілгенімен, техникалық жөндеу жұмыстары кестеден кешікті. Маңызды мәселе облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тікелей араласуымен оң шешілді. 2023 жылы аймақ басшысы бастаған батысқазақстандық делегация Жапония елінде болып, турбинаны өндіруші зауыттың өкілдерімен делдалсыз дидарласты. Қос тарап қондырғының қосалқы бөлшектерін дайындау және жеткізу бойынша келісімшарт жасасты. Күрделі жөндеу жұмыстарын атыраулық компания жүзеге асырды. 

Мемлекет басшысының энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту саясаты аясында кейінгі екі жылда бұл салаға бюджеттен 15,6 млрд теңге бағытталды. 2035 жылға дейінгі аралықты қамтитын, 32 жобадан тұратын Жол картасы аясында сорғы станциялары, жаңа қазандықтар салынып, қаланың негізгі жылу магистральдары жаңартылып жатыр. Қазіргі уақытта №6 және №7 жылу желілерін жаңғырту бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Облыс әкімі атқарылып жатқан кешенді іс-шаралар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, коммуналдық сектордың сенімділігін жаңа деңгейге көтеретінін айтты. Сондай-ақ саланы цифрландырудың маңызын атап өтті.

- Күні кеше «WEST OIL» компаниясының өкілдерімен кездесіп, маңызды жобаларды пысықтадым. Болашақта қаланы сумен және жылумен жабдықтау жүйелері толық автоматтандырылады. Басқару орталығы осы мекемеде орналасып, мамандар тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Мұндай цифрлық шешімдер кез келген ақауды жедел анықтап, коммуналдық кәсіпорындардың үздіксіз қызметін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді облыс әкімі.

评论