«Таза Қазақстан»: Астанада мектеп оқушыларына арнап ауқымды іс-шара ұйымдастырылды

101
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HsgayNJz0vUrowd9MUfMq6JmXfnfrj3XQit8anFL.jpg

Астанада №96 мектеп-гимназиясында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға арналған кең ауқымды іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараның мақсаты оқушылардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, табиғатты аялау мәдениетін дамыту және экологиялық сананы арттыру болды.

«Біз «Таза Қазақстан» тақырыбында қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты жұмыс әзірледік. Мектебімізде оқушылар түрлі жәшіктерге қоқыстарды бөліп салады. Сондай-ақ сенбілікте ағаш отырғызып, қоқыстарды тазалаймыз», – дейді оқушы Ақерке Ержанқызы.

Іс-шара барысында бірнеше тақырыптық көрме өткізілді. «Табиғат – тіршілік бастауы» көрмесінде оқушылар өз үйлерінде күтіп-баптап жүрген шағын жануарларын таныстырып, оларды күту мен күтім жасау жолдары туралы ақпарат берді.

«Қайта өңдеу – болашаққа қадам» көрмесінде оқушылар мен ата-аналар тұрмыстық қалдықтардан жасалған қолданбалы бұйымдарын ұсынып, қалдықтарды қайта өңдеудің маңызын көрсетті. Ал «Топырақсыз өсім – жаңа технология» көрмесінде өсімдіктерді топырақсыз өсірудің заманауи әрі экологиялық таза әдістері таныстырылды.

Көрмелерден кейін концерттік бағдарлама өтті. Бағдарлама аясында оқушылар өлең оқып, ән айтты. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағыты бойынша атқарылған жұмыстарды қамтыған бейнеролик көрсетілді.

Іс-шараға белсенді қатысқан оқушылар арнайы мақтау қағаздарымен марапатталды. Аталған бастама мектептің тәрбие жұмысы жүйесінде экологиялық бағытты нығайтуға және жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етті.

评论
其他材料