Неліктен Қазақстанда мыңдаған бала көмексіз қалып отыр және жағдайды не өзгерте алады?
«Дислексия» термині ғылымда салыстырмалы түрде жақында пайда болды. XIX ғасырдың соңында еуропалық дәрігерлердің бірі жоғары интеллекті мен жақсы физикалық дамуына қарамастан оқуды меңгере алмаған баланы сипаттаған. Ол кезде бұл құбылыс «сөздік соқырлық» деп аталды. Кейін нейроғылым дамыған сайын дислексия ұғымы қалыптасты. Ғалымдар бұл жалқаулық та, зияткерлік кемшілік те емес, ми жұмысының ерекшелігі екенін түсінді.
Қазіргі таңда әлемде дислексияны түсіндірудің екі негізгі тәсілі бар. Бірі — логопедиялық, ол ТМД елдерінде кең таралған. Екіншісі — батыстық, нейропсихологиялық тәсіл, ол АҚШ-та, Ұлыбританияда және Еуропа елдерінде белсенді қолданылады.
Халықаралық деңгейдегі дислексия маманы, Астанадағы Дислексия орталығының негізін қалаушы Елена Данилова бұл екі көзқарастың айырмашылығы түбегейлі екенін атап өтеді.
«Қазақстанға халықаралық әдістемелер келмей тұрып, дислексияны тек оқудың қиындығы ретінде қабылдады. Нашар оқыса — демек дислексия, онымен тек логопед жұмыс істеуі керек деп есептелді. Ал батыстық тәсілде мамандар алдымен белгілерге емес, баланың миында не болып жатқанын зерттей бастады».
Мидың оң жартышары және мектептегі қиындықтар
Зерттеулер көрсеткендей, дислексиясы бар балаларда ақпаратты қабылдау көбіне мидың оң жартышары арқылы жүзеге асады. Ол қиялға, бейнелік ойлауға, эмоция мен эмпатияға жауап береді. Бұл — мектепке дейінгі жастағы барлық балаларға тән қасиет. Алайда 6–7 жасқа қарай көпшілігінде қабылдау сол жартышарға ауысады, өйткені сол жартышар оқу дағдыларына — оқу, жазу, есепке жауапты.
Дислексиясы бар балаларда бұл ауысу болмайды.
«Бала оң жартышарлық қабылдауда қалады. Ол әріпті басқаша көреді, дыбысты өзгеше өңдейді, мәтінді басқаша қабылдайды. Сондықтан қиындық тек оқуда емес, жазуда, математикада, тапсырманы түсінуде де көрінеді», — дейді Елена Данилова.
Осы себепті батыс елдерінде дислексиямен логопедтер емес, психологтар мен нейропсихологтар айналысады, ал түзету бағдарламалары «жаттатуға» емес, ойлау мен когнитивтік стратегияларды өзгертуге бағытталады.
Диагностика — тек дауыстап оқыту емес
Көпшіліктің ойынша, дислексияны баладан мәтін оқытқызу арқылы анықтауға болады. Шын мәнінде, бұл әлдеқайда күрделі процесс.
Бала техникалық тұрғыда жақсы оқуы мүмкін, бірақ оқығанын түсінбеуі ықтимал. Немесе мәтінді жақсы түсініп, ал математикада қатты қиналуы мүмкін. Қазақ тілінде, мысалы, бала к мен қ әріптерін ажырата алмауы мүмкін — «құйрығын көрмейді». Бұл оның немқұрайдылығынан емес, дыбысты ми деңгейінде қалай өңдеу керектігін түсінбеуінен туындайды.
«Балада бірқатар белгілер болуы мүмкін, бірақ бұл міндетті түрде дислексия деген сөз емес. Диагностика — когнитивтік функцияларды, сөйлеуді, ойлауды, психологиялық жағдайды зерттеу. Тек осы деректердің жиынтығы нақты қорытынды береді», — дейді маман.
Қазіргі таңда Қазақстанда TOD әдістемесі енгізілуде. Ол тек оқу дағдысын ғана емес, когнитивтік функцияларды, стресс деңгейін, баланың эмоциялық күйін де зерттейді. Бұл өте маңызды, өйткені дислексиясы бар балалардың көбі үнемі психологиялық қысымда өмір сүреді.
Әр сынып — қауіп аймағында
Халықаралық статистика бойынша, әлемде адамдардың 17–23%-ында дислексия бар. Қазақстан жағдайында бұл — әр сыныпта кемінде 2–3 балада дислексия белгілері бар деген сөз. Көбіне бұл — соңғы партада отыратын, үлгерімі төмен, өзіне сенімін жоғалта бастаған балалар.
Дислексия уақыт өте «өздігінен кетпейді».
«Бұл көздің түсі сияқты. Оны өзгерту мүмкін емес, бірақ түзету мен алдын алу арқылы өмірді жеңілдетуге болады», — дейді Елена Данилова.
«Мен бұл туралы тек маман ретінде ғана емес, дислексиясы бар үш баланың анасы ретінде айтып отырмын».
Дислексияның генетикалық негізі бар. Егер ата-ананың бірінде болса, балада да көрінуі мүмкін. Ал оны «оятып жіберетін» факторлар әртүрлі: мұғаліммен қарым-қатынас, оқу тілінің ауысуы, Қазақстанға тән билингвизм.
Гаджеттер мен клиптік ойлау
Қосымша қауіп факторы — цифрлық орта. Гаджеттер бейнелік, клиптік ойлауды күшейтіп, оң жартышардың белсенділігін арттырады.
«Дислексиясы бар балаларға виртуалды әлем жеңілірек. Олар сол жерде қиялдайды, құрастырады, интуитивті әрекет етеді. Бірақ түзету болмаса, бұл мектеп жүйесімен арадағы алшақтықты ұлғайтады», — дейді сарапшы.
Сонымен бірге, уақтылы көмек көрсетілсе, дәл осы дислексиясы бар балалар табысты кәсіпкер, IT-маман, жазушы, шығармашыл тұлғаға айнала алады.
Мәселені «мінезбен» шатастыру
Дислексия көбіне сөйлеу ерекшеліктерімен қатар жүреді: сөздік қорының кедейлігі, тұрмыстық әңгімеде шатасу, ал сүйікті тақырыпта өте сауатты сөйлеу. Кейде моторлық белгілер де болады — жасөспірім кезде аяқ киім бауын байлай алмау, дәптерде жолды көрмеу, әріп өлшемдерінің әркелкілігі.
Алайда мектепте мұндай балаларды көбіне «зейінсіз», «әлсіз» деп қабылдайды.
«Мұғалімдерді бұған үйретпейді. Логопедтер үстірт біледі. Ал психологтар, өкінішке қарай, дислексия туралы мүлде білмейді, бұл — олардың тікелей саласы болса да», — дейді Данилова.
Әлем тәжірибесі және Қазақстан шындығы
Кейбір елдерде, соның ішінде Үндістанда, оқуға қабылдау кезінде-ақ балалардың оқу қиындықтарына диагностика жасалады. Дислексия қаупі бар балалар бейімделген әдістемемен оқып, 4-сыныпқа қарай негізгі сыныпқа қосылады.
Қазақстанда мұндай жүйе әлі жолға қойылмаған. Дислексия ұғымы нақты қалыптаспаған, ал көмек — шектеулі.
Диагностикалық және түзету жұмыстары жүргізілетін Дислексия орталығы Астана қаласында 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде 2000-нан астам бала диагностикадан өтті, 500-ден астамы түзету бағдарламасынан өтті. Жағдайлардың шамамен 80%-ында дислексия расталды. Орталық Рональд Дейвис әдістемесі бойынша жұмыс істейді және республикалық, облыстық педагогикалық форумдарға қатысып келеді.
Елемеудің құны
Халықаралық зерттеулер көрсеткендей, кәмелетке толмағандар арасындағы түзеу мекемелерінде отырған балалардың 83%-ында дислексия бар. Бұл дислексия қылмысқа әкеледі деген сөз емес. Бұл — көмексіз қалған баланың қоғамнан шеттеп, психологиялық тұрғыда күйреуінің салдары.
Орталыққа келген 29 жастағы IT-маман өмір бойы өзін «ақымақпын» деп ойлаған.
«Түзетуден кейін ол көзімнен перде кеткендей болды деді. Алты айдан соң тұрақты жұмысқа орналаса алды, себебі білімін жазбаша түрде жеткізе алатын деңгейге жетті», — дейді маман.
Болашаққа қатысты мәселе
Дислексияның алдын алу шамамен жарты жылды алады, ал түзету жұмысы деңгейіне қарай екі жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл әрдайым жеке тәсілді талап етеді. Бірақ нәтиже — тек оқу жетістігі емес, баланың өзін-өзі бағалауы, психикалық саулығы мен толыққанды өмірі.
Дислексия — кемшілік те, үкім де емес. Бұл — ойлаудың нейробиологиялық ерекшелігі. Ал қоғамның оны қалай қабылдап, қалай жұмыс істейтіні мыңдаған қазақстандық баланың болашағын айқындайды.