Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Бельгияның үш азаматы – «Брюгге» футбол клубының жанкүйерлеріне 5 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады, деп хабарлайды.
Оқиға 20 қаңтарда «Астана Арена» стадионында УЕФА Чемпиондар лигасы аясында өткен «Қайрат» – «Брюгге» матчында болған. Сот мәліметінше, шетелдік жанкүйерлер мас күйінде трибунада шешініп, айқайлап, қоғамдық тәртіпті бұзған. Олар ашық түсті купальниктер, «Борат» фильміндегі кейіпкердің образында киінген.
Бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен тарағаннан кейін құқық бұзушылар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотта бельгиялық азаматтар өз кінәларын мойындап, әрекеттерін эмоцияға берілуімен түсіндірген. Құқық бұзушылық фактісі бейнематериалдармен дәлелденген.
Сот ұсақ бұзақылық бабы бойынша ең төменгі жаза – 5 тәулік әкімшілік қамау тағайындады.
Аталған матчта алматылық «Қайрат» «Брюггеге» 1:4 есебімен жеңіліп, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігінен айырылды.