Ресейдегі металлургиялық комбинат аумағында екі қазақстандық азамат өлі күйінде табылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Оқиға Череповец металлургиялық комбинатының өндірістік алаңында болды. Бұл комбинат – «Северсталь» компаниясының негізгі активтерінің бірі.
«14 қаңтарда зауыт аумағынан мердігер ұйымдарда жұмыс істеген 2 қазақстандық өлі күйінде табылды. Қазіргі уақытта өлім себептері тергеліп жатыр, оқиға орнында арнайы қызметтер жұмыс істеуде. Біз қызметкерлердің туыстарына қайғыра көңіл айтамыз»,- делінген хабарламада.
Ресейдің Вологда облысы бойынша тергеу комитетінің мәліметінше, оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның себептері анықталуда.