Алкогольді 20:00-ден кейін сатуға тыйым салу ұсынылды

346
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0hBnTgyQsuGbSv3UmXo31Gxpgldg4S55P0dBKvhk.webp

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов алкоголь өнімдерін кешкі сағат 20:00-ден кейін сатуға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында кәмелетке толмағандарға алкоголь сатылмайтынына ешкім кепілдік бере алмайтынын жеткізді. Айтуынша, мұндай сауда нүктелері өте көп, оларды толық бақылау физикалық тұрғыда мүмкін емес.

«Сауда орындарында алкоголь өнімдерін кешкі 20:00-ден кейін бөлшек саудада сатуға тыйым салу керек. Көңіл көтеру орындарында (кафе, мейрамхана) алкогольді 22:00-ден кейін сатуға болмайды. Онлайн түрде алкоголь сатуға да тыйым салу қажет», – деді депутат.

Сондай-ақ ол алкоголь көптеген қылмыстың басты себебі екенін атап өтті.

«Балалар мекемелері мен білім беру ұйымдарынан 100 метр радиуста алкоголь сатуға тыйым салатын норманы қайта енгізу қажет деп санаймыз. Сондай-ақ алкоголь өнімін сататын нүктелердің санын шектеу маңызды», – деді Магеррамов.

Депутат алкоголь өнімдерін міндетті цифрлық таңбалауға жататын тауарлар тізіміне қосуды және оны сататын нақты орындарды белгілеуді, басқа жерлерде сатуға толық тыйым салу керектігін айтты.

Сондай-ақ ол мәдениет, білім және денсаулық сақтау салаларына жауапты министрліктерге кәмелетке толмағандар мен жастар арасында маскүнемдіктің алдын алу бойынша бірыңғай бағдарлама әзірлеуді, оны жастарға түсінікті цифрлық және медиа құралдар арқылы іске асыруды ұсынды.

评论