АҚШ президенті Дональд Трамптың Венесуэла аумағында жүргізген операциясы ел ішінде саяси дауға ұласты. Нью-Йорк қаласының мэрі және Демократиялық партия өкілдері Ақ үйдің әрекетін қатаң сынға алып, оны халықаралық құқықты бұзу деп бағалады.
Нью-Йорк мэрі Зохран Мамдани бұл операцияны «егемен мемлекетке қарсы біржақты шабуыл» деп атап, оны соғыс актісі ретінде сипаттады. Оның айтуынша, мұндай әрекеттер тек шетелдегі жағдайға ғана емес, тікелей Нью-Йорк тұрғындарына да әсер етеді. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла президенті Николас Мадуроның Нью-Йоркке жеткізілетінін мәлімдеген болатын.
Демократиялық партиядан сайланған бірқатар сенаторлар мен конгрессмендер де Ақ үйдің шешіміне қарсы шықты. Сенатор Энди Ким Мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен Қорғаныс министрі Пит Хегсеттің бұған дейін Венесуэлада билік ауыстыру жоспары жоқ екенін айтқанын еске салды. Оның пікірінше, қазіргі жағдай бұл мәлімдемелердің шындыққа жанаспайтынын көрсетіп отыр.
Сенатор Рубен Гальего Ақ үйдің әрекетін «өмірімдегі екінші негізсіз соғыс» деп атады. Ол АҚШ-тың қысқа уақыт ішінде «әлемдік полицейден әлемдік бұзақыға» айналғанын мәлімдеді. Ал конгрессмен Джим Макговерн бұл операция Конгрестің рұқсатынсыз және америкалықтардың басым бөлігі соғысқа қарсы болып отырған жағдайда жасалғанын айтып, оны заңсыз деп бағалады.
Өз кезегінде Дональд Трамп бұл айыптауларды жоққа шығарып, операция туралы Конгресті алдын ала хабардар етпеуінің себебін ақпараттың таралып кету қаупімен түсіндірді. Ал Марко Рубио конгресс мүшелеріне операция басталғаннан кейін ақпарат берілгенін мәлімдеді.
АҚШ-тағы бұл жағдай елдің сыртқы саясатына қатысты пікірталастарды күшейтіп, билік тармақтары арасындағы келіспеушілікті айқын көрсетті.