Иранда ұлттық валютаның доллармен салыстырғандағы бағамы рекордтық төмен деңгейге құлдырағаннан кейін соңғы үш жылдағы ең ірі наразылықтар басталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі CNN-ге сілтеме жасап.
Иранның мемлекеттік телеарнасы Орталық банк төрағасы Мохаммед Реза Фарзиннің қызметінен кеткенін мәлімдеді.
Саудагерлер мен дүкен иелерінің наразылық акциялары Тегеранның орталығында, ел астанасындағы Үлкен базар маңында, сондай-ақ Исфахан, Шираз және Мешхед сияқты ірі қалаларда өтті. Тегеранның кейбір аудандарында полиция наразылық білдірушілерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданған.
Жексенбі күні иран риалының бағамы бір доллар үшін 1,42 миллионға дейін құлдырады. Дүйсенбі күні ол 1,38 миллион риал деңгейінде саудаланды.
Соңғы бір аптада Фарзиннің ықтимал отставкасы туралы қауесеттер тараған болатын. Ол 2022 жылы қызметке кіріскен кезде риал бағамы бір доллар үшін шамамен 430 мың болған.
Валютаның күрт құнсыздануы инфляциялық қысымды күшейтіп, азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларының қымбаттауына алып келді және халықтың қаржылық жағдайын одан әрі қиындатты. Мемлекеттік статистика орталығының дерегінше, желтоқсан айында инфляция деңгейі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 42,2 пайызға жетіп, қараша айымен салыстырғанда 1,8 пайызға өскен. Азық-түлік бағасы бір жылда 72 пайызға, медициналық тауарлар 50 пайызға қымбаттаған.