Кибералаяқтар WhatsApp-та аккаунттарды басып алудың жаңа тәсілін қолдануда

184
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pnJevS7RyYBEhBtDx08U0oBBEGYrOiD2i82lZamV.png

Кибералаяқтар WhatsApp мессенджеріндегі аккаунттарды заңды жолмен иемденуге мүмкіндік беретін жаңа алаяқтық схеманы қолдана бастады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл әдіс құпия сөзді бұзу, SIM-картаны ауыстыру немесе күрделі техникалық шабуылдарды қажет етпейді.

Бас прокуратура GhostPairing деп аталатын құрылыммен жұмыс істейтінін хабарлады. Яғни, қолданушыға WhatsApp немесе Facebook атынан келгендей болып жасырылған хабарлама жолданады. Сілтеме арқылы адам сырт көзге түпнұсқадан айнымайтын жалған сайтқа өтеді.

«Қолжетімділікті растау» үшін қолданушыдан телефон нөмірі мен SMS арқылы келген кодты енгізу сұралады. Осыдан кейін алаяқ өз құрылғысын жәбірленушінің аккаунтына «байланыстырылған құрылғы» ретінде қосып алады.

Нәтижесінде ол хат алмасуларды оқып, медиафайлдар мен байланыс тізімін көре алады, тіпті жәбірленушінің атынан хабарлама жібере алады. Ең қауіптісі — телефон иесі ұзақ уақыт бойы аккаунтының бақылауда екенін байқамауы мүмкін, себебі WhatsApp әдеттегідей жұмыс істей береді.

Мұндай заңсыз қолжетімділікті тек қолмен тексеру арқылы анықтауға болады. Ол үшін «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін қарап шығу қажет. Егер таныс емес құрылғы анықталса, оны дереу ажыратып, қауіпсіздік шараларын күшейту керек.

评论