«Ұлттық код – ұрпаққа аманат»: ұлттық болмыс пен заманауи көзқарас тоғысқан этнофорум

191
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/USdVIl3e3z2wS6RuSJGiZIIWMxTry62HvkBrGlVB.jpg

20 желтоқсан күні Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейінде «Ұлттық код – ұрпаққа аманат» атты республикалық этнофорум өтті. Іс-шара ұлттық құндылықтарды дәріптеу, дәстүрлі өнерді жаңғырту және креатив индустрияның даму бағыттарын талқылауға арналды.

Форумға елордалық және өңірлерден келген қолөнер шеберлері, дизайнерлер, мәдениет және креативті индустрия өкілдері, қоғам белсенділері қатысты. Жиынның басты мақсаты – ұлттық кодтың маңызын ашып, оны жас ұрпақ санасына сіңіру жолдарын ортақ алаңда талқылау.

Этнофорум аясында ұлттық мәдениеттің қазіргі тынысы мен болашағына қатысты мазмұнды пікір алмасу өтті. Қолөнершілер мен тігіншілер дәстүрлі өнерді заманауи форматта дамыту, ұлттық нақыштағы бұйымдарды күнделікті қолданысқа енгізу мәселелерін көтерді. Сондай-ақ отандық брендтерді қолдау, креатив индустриядағы жүйелі түйткілдер де назардан тыс қалмады.

Панельдік сессия барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Екатерина Смолякова, Олжас Құспеков және Нұргүл Тау сөз сөйлеп, ұлттық кодтың қоғамның рухани тұтастығын сақтаудағы рөліне тоқталды. Спикерлер ұлттық құндылықтарды тек мәдени мұра ретінде емес, заманауи қоғамды біріктіретін тірек ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар форум аясында өткен пікірталастарда Астана қаласы мәслихатының депутаты, Saukele бренді мен Sun Events компаниясының негізін қалаушы Сәуле Сәмидин, қоғам қайраткері Бағила Балтабайқызы, KuDAGI брендінің негізін қалаушы дизайнер Ғалия Құрманбаева ұлттық өнерді бүгінгі өмірмен ұштастырудың нақты жолдарына тоқталды. Олар ұлттық құндылықтарды тұрмыстық мәдениет пен заманауи сән индустриясына енгізудің маңызын атап өтті.

Форумда қолөнершілерді қолдау мәселесі де кеңінен қозғалды. «Республика» партиясы Астана қалалық филиалы Әйелдер қанатының өкілдері қауымдастықтағы шеберлердің өнімдерін нарыққа шығару, сауда орындарынан арнайы алаңдар бөлу, гранттық қолдаулар көрсету қажеттігін тілге тиек етті.

Ал «Хас шебер» қауымдастығының президенті Зиуар Жұманова қолөнершілердің ортақ платформасының жоқтығы – саладағы басты мәселелердің бірі екенін айтып, бұл бағытта жүйелі шешімдер қабылдау керектігін жеткізді. Оның айтуынша, қауымдастық құрамында 100-ден астам шебер бар және алдағы уақытта қолөнершілердің кәсіби мерекесін белгілеу жоспарда.

Форум бағдарламасы аясында көрме, шеберлік сабақтары, этно-бағдарлама ұйымдастырылып, қатысушыларға ұлттық өнердің сан қыры таныстырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 300-ге жуық қолөнер жанашыры қатысқан этнофорум ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған маңызды алаңға айналды.

评论
其他材料