Қалайсың, қазақ мұнайы? Bloomberg желідегі жөндеудің созылуынан қауіп көреді

325
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/3VVgBcZnaDjSEStDzidd2IqlUpvvxCZfqGXxRHlx.jpg

Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі Каспий құбыр консорциумының Қара теңіздегі аса маңызды экспорттық айлағындағы ұзаққа созылған жөндеу жұмыстарына байланысты қысқаруы мүмкін. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қазіргі уақытта Новороссийск портындағы КҚК терминалында үш қондырғының тек бірі ғана жұмыс істеп тұр. Бір айлақ қараша айының соңында украин дрондарының шабуылынан қатты зақымданса, екіншісі сол кезде жоспарлы жөндеуден өтіп жатқан.

“Толық экспорт көлемін сақтау үшін кемінде екі айлақтың жұмыс істеуі қажет. Соның салдарынан қоймаларда мұнай қоры көбейе бастады”,- деп жазды агенттік.

Бастапқыда дрондар зиян келтірмеген айлақтағы техникалық жұмыстар 11 желтоқсанда аяқталады деп жоспарланған. Кейін мерзім 13 желтоқсанға ауыстырылды. Алайда Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, жөндеу жұмыстары 15 желтоқсанға дейін созылмақ.

“Жағдай өзгермесе, қоймалар толып, Қазақстан мұнай өндіруді қысқартуға мәжбүр болуы мүмкін”,- деп хабарлаған дереккөздер.

Қазақстанның Энергетика министрлігі де, КҚК басшылығы да әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Каспий құбыр консорциумы Қазақстанның мұнай экспортының шамамен 80 пайызын қамтамасыз етеді. Оның ішінде Chevron, ExxonMobil, Shell секілді ірі компаниялардың мұнайы да осы бағытпен экспортталады.

Қараша айында КҚК-ның Новороссийскідегі терминалы бірнеше рет шабуылға ұшырады, оның ең ауыр салдары айдың соңында тіркелді. Бұл — Қазақстанның ең ірі мұнай кен орындарынан мұнай экспорттайтын негізгі арна. Консорциум арқылы белгілі бір көлемде ресейлік мұнай да тасымалданады. Bloomberg мәліметінше, қарашада шабуылдар салдарынан КҚК арқылы жеткізілімдер қазан айымен салыстырғанда тәулігіне шамамен 155 мың баррельге азайған.

Бұған қоса, Reuters агенттігі Қазақстан желтоқсан айында алғаш рет Қашаған мұнайының шамамен 50 мың тоннасын Қытайға Атасу–Алашанькоу құбыры арқылы жөнелтуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұл көлем Каспий құбыр консорциумы жүйесінен қайта бағытталмақ.

评论