Ауладағы бүлдіршінді теуіп құлатқан адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды

496
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ot5C4qwuh2C1QXn9HzEpRSR48lMlLx2lAv5E02ie.webp

Алматы қаласында ер адам аулада ойнап жүрген кішкентай баланы бар күшімен теуіп құлатты. Ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды "Адырна". 

Оқиға Алатау ауданындағы «Каспий» тұрғын үй кешенінің ауласында болған. Желіде тараған видеоға назар аударсақ, ер адам балалар арасындағы жанжалға араласып, жүгіріп келіп, кішкентай баланы бар күшімен теуіп жіберген. Зардап шеккен ұл бала ми шайқалу диагнозымен ауруханаға түсті.

Ата-анасының айтуынша, учаскелік полицей ер адам баланың емдеу шығындарын өтесе, мәселені «бейбіт жолмен» шешуді ұсынған. Зардап шеккен баланың отбасы әділ тергеу жүргізіліп, кінәлі ер адамның жазалануын талап етіп отыр.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева оқиғаға қатысты ресми пікір білдірді.

«Қылмыстық іс қозғалды. Қажетті көмектің бәрі көрсетіледі. Оқиға Алматы қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілінің бақылауында», – деді Динара Зәкиева.

 Аталған дерек бойынша Алатау аудандық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.

«Күдікті жедел түрде анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Полицияның ұстанымы айқын: балаларға қатысты мұндай әрекеттерге жол берілмейді және олар заң аясында қатаң түрде тоқтатылады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында», – делінген қалалық ПД хабарламасында.

评论