Науқас қайтыс болғаннан кейін. Медициналық ұйымдарда тексеріс басталды

457
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Ef7SmM5XulV6vTRrjXRqVxd6ikvvbjJHGIVqlKf3.avif

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Екібастұздағы бірқатар медициналық ұйымдарды тексеруді бастады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Тексеріс 40 жастағы ер адамның қазасынан кейін басталған. Науқас тізесіне жасалған екпеден кейін төртінші күні көз жұмды. 

Ведомствоның ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, тексеріс Павлодар облыстық департаменті және тәуелсіз сарапшылар — терапевт, анестезиолог-реаниматолог және травматологтың қатысуымен жүргізіліп жатыр.

«Павлодар облысы бойынша департамент құрамына тәуелсіз мамандарды тарта отырып, Екібастұз полициясы тергеу бөлімінің қаулысына сәйкес пациенттің қозғалыс маршруты бойынша медициналық ұйымдарда тексеріс жүргізуде», — делінген хабарламада.

Комитет анықталған заңбұзушылықтар болған жағдайда материалдар Екібастұз қалалық полиция басқармасының тергеу бөліміне берілетінін, олар құқықтық баға беріп, процессуалдық шешім қабылдайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, марқұм Жеңіс Бекжігітов 8 қыркүйекте Екібастұздағы жеке хирургиялық орталыққа тізе буынындағы ауырсынуға байланысты жүгінген. Ультрадыбыстық тексеруден кейін оған оң тізе буынындағы остеоартрит диагнозы қойылып, 10 қыркүйекте буын ішіне инъекция жасалған.

Келесі күні ер адамның аяғы ісіп, қатты ауырсыну пайда болған. Туыстарының айтуынша, оның қызуы көтеріліп, қысымы төмендеп, тіпті есінен танып қалған. Жедел жәрдем қызметі науқасты ауруханаға жатқызудан бас тартқандықтан, туыстары 13 қыркүйекте оны өз күшімен клиникаға жеткізеді.

Кешкісін клиниканың бас дәрігері марқұмның туыстарына медициналық ұйымның жасанды тыныс алдыру аппараты жоқ екенін айтып, науқастың Екібастұз қалалық ауруханасының реанимациясына ауыстырылғанын жеткізген. Алайда ер адам келесі күні көз жұмды.

Қазір оның өліміне нақты не себеп болғанын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

评论