1,5 млрд теңгеге салынған крематорий неге жұмыс істемей тұр?

426
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/zgRLbj3wa6Z38kKAgFp4Y9OI7DTJBl3uaNTNeO7k.jpg

Фото Informburo.kz

Алматыда техникалық тұрғыда толық аяқталған алғашқы крематорий әлі күнге дейін іске қосылмаған. 2025 жылдың қазан айында нысан жаңа балансұстаушыға берілгенімен, объект жұмысына кіріспеген, деп хабарлайды "Адырна".

Tengrinews.kz-ке жауап берген қалалық әкімдік қымбат жобаның неге әлі іске қосылмағанын түсіндірді.

Алматыдағы крематорийді 2021 жылы ашу жоспарланған еді, алайда ашылу мерзімі бірнеше рет кейінге қалдырылған. Әкімдік өкілдері жобаны екі кезеңге бөлгенін айтқан: ғимарат құрылысын аяқтау және инженерлік желілерді тарту. Ғимараттың құрылысы 2021 жылдың желтоқсанында аяқталса, инженерлік желілерді тарту 2022 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.

2022 жылдың қарашасында нысанның құрылысы тағы кейінге шегерілді. Бұған бағаның өсуі мен жобалық-сметалық құжаттаманы қайта қарау қажеттілігі себеп болған. Ол уақытта крематорий инженерлік желілерді тарту кезеңінде тұрған: жұмыстың 80 пайызы орындалған, бірақ трансформаторлық қосалқы станса мен газ құбыры орнатылмаған еді. Жаңартылған бюджет бекітілгеннен кейін жобаны «Мемсараптамаға» қайта енгізіп, оң қорытынды алған соң жұмыстарды жалғастыру жоспарланған. Осыған байланысты крематорийдің ашылуы «2023 жылдың бірінші тоқсанына» ауыстырылды.

2023 жылдың тамызында сыртқы инженерлік желілерді тарту жұмыстары жобаны қайта түзету қажеттілігіне байланысты тоқтатылды. Бұл өзгерістер магистральды газ құбыры трассасының ауысуына байланысты туындаған: оның ұзындығы 185 метрден 1664 метрге дейін ұзарған.

2024 жылдың наурызында әкімдік қала крематорийіне инженерлік желілерді тартуға жауапты мердігерді сотқа бергенін хабарлады. Сол кезде сыртқы желілер бойынша жұмыстардың 95 пайызы орындалғаны айтылған. Кейін сот шешімімен «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС мемлекеттік сатып алуларға жіберілмейтін компания деп танылып, Алматы қаласының бюджетіне айыппұл төлеуге міндеттелді.

2025 жылдың сәуірінде Алматыда Қазақстандағы алғашқы крематорийдің толық дайын екені хабарланды. Нысанның пайдалануға берілу актісі дайын, ал архитектура және әділет органдарындағы тіркеу 2024 жылдың үшінші тоқсанында аяқталған. Алайда ашылу мерзімі мен қызмет көрсету бағасы әкімдікте жарияланбады.

Әкімдіктің мәліметінше, нысан толық дайын және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бірақ объект әлі ресми түрде іске қосылған жоқ. Алты айдан астам уақыт бойы бірде-бір мемлекеттік орган крематорийді балансқа қабылдауға келіспеген.

Тек жуырда бұл мәселе шешілгендей болды. 2025 жылғы 17 қазандағы әкім қаулысымен крематорий Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты қалалық патологоанатомиялық бюроның балансына берілді. Дегенмен нысан әлі жұмыс істемейді.

«Мекеме нысанға қатысты құқық белгілейтін құжаттарды мемлекеттік тіркеуден өткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ғимарат пен жабдықтарды қабылдау және тіркеу кезеңі аяқталды. Келесі кезең – нысан орналасқан жер телімін беру туралы әкімдік қаулысына қажетті құжаттарды рәсімдеу», – деп хабарлады әкімдік.

Әкімдік өкілдері айтуынша, крематорийдің жұмыс істемей тұрған негізгі себебі – Қазақстанда крематорийлердің қызметін реттейтін заңдар мен ережелердің жоқтығы. Нормативтік-құқықтық база болмағандықтан, объектінің нақты қашан ашылатыны белгісіз.

Бұл ережелерді республикалық деңгейде – Денсаулық сақтау, Экология және әділет министрліктері әзірлеуі тиіс.

Крематорий болашақта қалалық патологоанатомиялық бюроның құрылымдық бөлімшесі ретінде жұмыс істейді.

«Крематорийді қаржыландыру және штаттық құрылымды қалыптастыру мәселелері құқық белгілейтін құжаттардың тіркелуі мен тиісті нормативтік актілер қабылданғаннан кейін шешілетін болады», – деді әкімдік.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв крематорийге барып, оның ішкі дайындығын көрсеткен еді. Оның айтуынша, нысан құрылысына 1,5 млрд теңге жұмсалған.

 

评论