600 мың теңге айыппұл. Мөлдір Мұқан заңсыз онлайн-ұтыс ұйымдастырған

606
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/AYig6rjYjwrZL6cMwO5iUTiSHvS3smdUbVU2KsGw.webp

Танымал блогер әрі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жары Мөлдір Мұқан заңсыз онлайн-лотерея өткізген тұлғалар тізіміне енді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ведомствоның ресми мәліметінше, Мөлдір Мұқанова (Instagram-парақшасы Moldir.mt, 2,3 млн жазылушы) ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ол 589 800 теңге (150 АЕК) көлемінде айыппұл төлеген.

Мәдениет және ақпарат министрлігі бұған қоса бірнеше танымал тұлғаның да дәл осындай заңбұзушылық жасағанын хабарлады. Мәселен, блогер Дархан Жолшыбек (3,1 млн жазылушы) сәуір айында 393 200 теңге (100 АЕК) айыппұл төлеуге міндеттелген.

Тізімге енген өзге тұлғалар:

  • Рамазан Амантай – актер – 393 200 теңге (100 АЕК);

  • Мереке Қалбаева (merekusha.k, 1,3 млн жазылушы) – 589 800 теңге (150 АЕК);

  • Нұрбек Нұртаза (justking31) – 1 179 600 теңге (300 АЕК);

  • Әлия Байтуғаева (super.mamasita, 7 млн жазылушы) – 825 720 теңге (210 АЕК);

  • Амина Нұртаза (aminaxo26, 7 млн жазылушы) – 825 720 теңге (210 АЕК);

  • Қайсар Қамза (qais_arr, 2,4 млн жазылушы) – 1 179 600 теңге (300 АЕК);

  • Алмасбек Батыр (almasbek_batyr, 1,8 млн жазылушы) – 589 800 теңге (150 АЕК).

Ведомство дерегінше, жыл басынан бері 90-ға жуық құқықбұзушылық тіркеліп, олардың жалпы айыппұл сомасы 40 миллион теңгеден асқан.

"Жеке тұлғалар мен блогерлерге, сондай-ақ жеке кәсіпкерлерге тауар немесе қызмет сатуды ынталандыру мақсатында лотерея түріндегі ұтыстар ұйымдастыруға тыйым салынады", — деп атап өтті Ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитеті.

Заң бойынша, Қазақстанда лотерея ұйымдастыру құқығы тек лицензиясы бар операторларға ғана беріледі. Ал рұқсатсыз мұндай іс-шара өткізгендерге 100-ден 300 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

评论