Миллион долларлық дау. Бишімбаевтың соты кезіндегі қаржы туыстарды сотқа әкелді

867
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Zyu75RvVycrbW56y09fRqPHrOcVECRabvqiILauI.png

Абай облысында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова өз туысы Бекзат Кемелованы 1 миллион долларды ұрлады деп айыптап, сотқа жүгінді, деп хабарлайды "Адырна".

Тергеу нұсқасына сәйкес, Нұрлыбекова өз туысы мен оның жұбайына 1 миллион долларды сақтау үшін берген. Алайда кейін ақшаны қайтара алмай қалғанын айтады.

Мемлекеттік айыптаушы Гүлмира Абдрахманованың сөзінше, Кемелова Нұрлыбекованың ұлы Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық істен күйзеліске түскенін пайдаланып, оны алдап сендірген.

«Кемелова Антикор қызметкерлері мүлкі мен қаражатын тәркілейді деген желеумен Альмира Нұрлыбекованы ақшаны өзіне беріп, жасырған дұрыс деп сендірген», — деді прокурор.

Айыпталушы Бекзат Кемелованың қорғаушысы Игорь Вранчев бұл айыптаулармен келіспейді. Оның айтуынша, іс – отбасы арасындағы жеке жанжалдың салдары.

«Менің қорғауымдағы Кемелова ақшаны иемденді деген мәлімдеме шындыққа жанаспайды. Бұл – екі отбасы арасындағы дау. Кемелованың жұбайы, бұрынғы сот-медициналық сарапшы, Бишімбаевтар отбасына Салтанат Нүкенова ісінде көмек көрсетуден бас тартқаннан кейін осындай жанжал туындаған», – деді адвокат.

Жәбірленуші тараптың мүддесін қорғаушы Ерлан Газымжанов — бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың адвокаты болған.

Еске сала кетсек, бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев жұбайы Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылған.

2024 жылдың 26 маусымында апелляциялық алқа үкімді өзгеріссіз қалдырған. Қазіргі уақытта ол түрмеде жазасын өтеп жатыр.

评论