Бас прокуратура қазақстандықтарға интернеттегі қауіпті жұмыс ұсыныстары туралы ескерту жасады , деп хабарлайды “Адырна”.
Ведомствоның мәліметінше, интернет-алаяқтар танымал платформалар мен әлеуметтік желілерде аз талап қойып, жоғары табыс уәде ететін жұмыс туралы хабарландырулар жариялап жүр.
«Жауап берген үміткерлерге жалған сайттарға сілтемелер, жеке деректерді жинауға арналған сауалнамалар жіберіледі немесе “жұмысқа арналған мобильді қосымшаны” орнату ұсынылады. Мұндай қосымшалар алаяқтарға банктік деректерге, мессенджерлерге және құрылғыны басқаруға қол жеткізуге мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.
IT, модельдік, қонақ үй бизнесі немесе call-орталықтар саласында жұмыс ұсынамыз деген желеумен азаматтарды шетелге жұмысқа шақырып, оларды еңбек және жыныстық құлдыққа, сондай-ақ түрлі қанау мен зорлық-зомбылыққа ұшыратуы мүмкін. Кей жағдайларда жәбірленушілерді басқа азаматтарды алдау немесе адам ағзаларын заңсыз алу схемаларына қатысуға мәжбүрлейді.