Тоқаев Мажарстан президентін орденмен марапаттады

993
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/zrsK21SS6yw6W4avwTmJm2J1NeXrgs5GFTdznJF3.jpg

Бүгін, 2 қазанда Қазақстан мен Мажарстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың берік негізі мен зор әлеуеті бар.

«Былтыр тауар айналымы шамамен 200 миллион долларға жеткенін, ал биылғы сегіз айда 22 пайыз өскенін (164,5 миллион доллар) ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Бүгінде Қазақстан экономикасына 400 миллион долларға жуық инвестиция салған 35-тен аса мажар компаниясы жұмыс істеп жатыр. Біз қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия, денсаулық сақтау, логистика мен қаржы салаларында 607 миллион долларға бағаланатын 20 бірлескен жобаны іске асырып жатырмыз»,—деді ол.

Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелеріне мән берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан басшысы Тамаш Шуйокты қазақ елінде қарсы алу үлкен мәртебе екенін, халқымыз Мажарстан президентін аса көрнекті мемлекет қайраткері, парасатты басшы, беделді тұлға деп қабылдайтынын атап өтті.

«Сіз сарабдал саясатыңыз арқылы Мажар елінің әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілетуге, халықаралық сахнадағы беделін нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келесіз. Біз Мажарстанның Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған мемлекет екенін еш уақытта ұмытпаймыз. Ал егемен ел ретінде Еуропада тұңғыш елшілігімізді Будапешт төрінде ашқанымыз ерекше символдық мәнге ие»,–деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тамаш Шуйоктың Қазақстан мен Мажарстан арасындағы серіктестікті нығайтуға қосқан сүбелі үлесін, жеке қолдауын өте жоғары бағалайтынын жеткізді.

«Екі ел арасындағы байланысты күшейту жолындағы еңбегіңізді және айрықша рөліңізді ескере отырып, Сізді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – қазақ жұртының Өзіңізге деген шынайы құрметі, риясыз көңілі. Сондай-ақ осы жоғары марапат халықтарымыздың мәңгілік бауырластығының тағы бір символы болады деп сенемін»,– деді ол.

评论