Ай сайын 62 көлік ұрланады. Адвокат сатып алушыларға кеңес берді

1743
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/89MO5Aen9xh7MbwibxLsbzFtzjZ8OYtmBUMLD81e.jpg

Қазақстанда ай сайын орта есеппен 62 көлік ұрланады, ал мақсатсыз айдап әкету шамамен 150 жағдайды құрайды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Liter.kz-ке сілтеме жасап.

Ұрлық саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Бұл шаһарда айына шамамен 21 көлік ұрланады екен. Одан кейінгі орындарға Қарағанды (~8), Шымкент пен Түркістан облыстары (~5) жайғасты.

Адвокат Назар Әбінов соңғы кезде автосалон арқылы көлік алу жағымсыз жағдайларға жиі ұласып жүргенін мәлімдеді.

«Кейде көлік сатып алғаннан кейін екі апта өтпей жатып, оның банкте кепілде екені немесе ұрланғандар қатарында тұрғаны анықталып жатады. Сатып алушы ақша төлейді, бірақ іс жүзінде мүлкінен айырылады», – дейді ол.

Айтуынша, егер автосалон сатушы ретінде әрекет етсе (B2C), заң бойынша көлік үшінші тұлғалардың құқығынан бос болуы тиіс. Ал егер салон тек делдал болса, жауапкершілік көліктің нақты иесінде қалады. Дегенмен, салон тәуекелдерді жасырған жағдайда немесе клиентті әдейі жаңылыстырса,  жауапқа тартылуы мүмкін.

Әбінов мәселе туындаған жағдайда алдымен сатушыға жазбаша шағым жіберіп, ақшаны қайтаруды немесе көлікті ауыстыруды талап ету керектігін айтты. Егер жағдай ұрлықпен байланысты болса, бірден полицияға жүгіну қажет. Ал нәтиже шықпаса, сотқа баруға тура келеді.

Адвокат заң күшейтілмейінше, сатып алушының жалғыз қорғанысы мұқият болу екіндегін айтты.

«Міндетті түрде eGov порталынан “Көлік тарихын” тексеріңіз. Оның ішіне кепілдер, шектеулер, тыйымдар, иелер саны туралы ақпарат кіреді. VIN-код пен құжаттарды мұқият өзіңіз қарап шығыңыз. Егер көлік импорттық немесе қымбат болса, кепілдің жоқтығы немесе құжаттың дубликаты жөнінде растау сұраңыз. Тексеру жұмыстарынан бас тарту немесе көлікті жедел рәсімдеу сыныд ұсыныстарға келіспеңіз»,—деді ол.

Еске салайық, 1 қыркүйекте Орал қаласында көлік ұрлығы қайғылы жағдайға әкелген еді. Ер адам Renault Logan автокөлігін айдап кетіп, полицейлерден қашу кезінде ірі жол апатын жасаған. Салдарынан Lada Granta жүргізушісі қаза тапқан.

 

 

评论
其他材料