Тарихи жеңіс. “Қайрат” алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты

5136
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/BDEBLbq11CSQbZeDu5OktMKw7H6URodUzgRCEbUr.jpg

Қазақстандық «Қайрат» футбол командасы Чемпиондар лигасының соңғы іріктеу матчының плей-офф кезеңінде Шотландиялық «Селтикті» жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Командалар іріктеу кезеңінің плей-офф раундында бақ сынады. Алматыдағы Орталық стадионда өткен ойынның негізгі уақыты 0:0 есебімен аяқталды. Регламентке сәйкес қосымша уақыт тағайындалды.

Қосымша екі таймда да гол соғылмады.

 Жеңімпазды анықтау үшін пенальти сериясы өткізілді. «Селтик» ойыншыларының алғашқы екі соққысын Қазақстан құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбеков қайтарды. Ал алаң иелерінің  жартылай қорғаушысы Валерий Громыко допты қақпаға бағыттай алмай, көлденең бағанаға тигізді.

Одан кейін алматылықтардың сапынан үш қорғаушы –  Александр Мартынович,  Офри Арад және  Егор Сорокин дәл соққы жасады. Үшінші сейвтен кейін Анарбеков командасына 3:2 есебімен жеңіс сыйлады.

«Қайрат» тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Бұған дейін қазақстандық командалардан тек «Астана» 2015/16 маусымында топтық кезеңге шыққан еді.

Биыл Чемпиондар лигасы екінші жыл қатарынан 36 командадан тұратын бірыңғай кезеңмен ұйымдастырылады. Әр клуб сегіз матч өткізеді — төртеуі өз алаңында, төртеуі сырт алаңда. «Қайрат» қарсыластарын анықтайтын жеребе 28 тамызда өтеді.

评论