«Білім сапасы мен қолжетімділігін арттыру – басты мақсатымыз»

1451
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bHO93Vwib5KUCuGw125u23J6wKBHEJa3XCltttlr.jpg

Білім беру – ел болашағының негізі. Әр өңірдегі білім саласының даму қарқыны – Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетінің айғағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» идеясын жүзеге асыру жолында сапалы білім беруді қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы ретте Батыс Қазақстан облысында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.Облыстағы мектепке дейінгі ұйымдардың жағдайы қандай? Жаңа оқу жылына дайындық қалай жүріп жатыр? «Келешек мектебі» жобасы аясында қандай өзгерістер бар? «Адырна» тілшісі осы және өзге де сұрақтарға жауап алып үшін Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллинмен арнайы сұхбаттасқан едік.

Елдос Набиоллаұлы, Батыс Қазақстан облысындағы мектепке дейінгі ұйымдардың бүгінгі жағдайы қандай?

— Бүгінде облыс бойынша 562 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 382-сі мемлекеттік, 180-і жеке меншік. Жалпы 34 мыңға жуық бала мектепке дейінгі тәрбие мен біліммен қамтылған. Барлық балабақшада ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды.

Басшылық қызметтерде кадр тапшылығы байқала ма?

— Иә, қазіргі уақытта 26 мектепке дейінгі ұйымда басшылық қызмет бос, конкурстық іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл — уақытша жағдай, тиісті кадрлық жұмыстар жүйелі атқарылып жатыр.

— Соңғы уақытта ел ауқымында жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» жобасының БҚО-дағы ахуалы туралы айтсаңыз.

— Облыста 3 “Келешек мектебі” пайдалануға берілді. Бұл – білім сапасына, инфрақұрылымға үлкен серпін беретін қадам. Жаңа мектептердің директорлары “1000 көшбасшы” жобасының кадр резервінен тағайындалды. Олардың орынбасары лауазымына 10 педагог тағайындалды: 5-еуі – ауысу, 4-еуі – конкурстық негізде, 1-еуі – “1000 көшбасшы” жобасы арқылы жаңа қызметке келді. Қазіргі уақытта жалпы 258 педагог жұмысқа қабылданды, оның ішінде 228 – ауысу тәртібімен, 30 – конкурстық жолмен.

Осы жылы тағы қанша мектептің құрылысын аяқтау көзделіп отыр?

— «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 8100 орындық 9 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 3 мектеп пайдалануға берілді, нәтижесінде үш ауысымдық білім беру мәселесі шешімін тапты. Қалған 3 мектептің құрылысы 1 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Жаңа оқу жылында оқушылар саны қандай болады?

— 2025-2026 оқу жылында болжам бойынша облыста 126,9 мың оқушы білім алады. Ал өткен оқу жылында бұл көрсеткіш 124,9 мыңды құраған еді. 1-сыныпқа 11569 оқушы қабылданады деп жоспарланған, бүгінге дейін 10299 бала қабылданды, олардың 76,4%-ы қазақ тілінде білім алуға ниет білдірген. Сонымен қатар 10-сыныпқа 7218 оқушы қабылдау жоспарланды, қазіргі таңда 2187 оқушы қабылданды, оның ішінде 52%-ы қазақ тілінде оқиды.

Жетекшілік лауазымдарға тағайындау қалай жүріп жатыр?

— Облыста 367 мемлекеттік мектеп қызмет атқарады. Қазіргі кезде 297 мектептің директоры бар, 22 мектепке басшы қажет, олар тамыз айында конкурс арқылы тағайындалады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында күрделі жөндеу жұмыстары қалай жүргізілуде?

— 2025-2027 жылдар аралығында 86 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде:

2025 жылы – 6 мектеп

2026 жылы – 33 мектеп

2027 жылы – 47 мектеп

Жалпы жөндеу жұмыстарына бөлінген сома — 96,3 млрд теңге.

Білім инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары қандай деңгейде?

— Бүгінде «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында 9 мектеп салынуда. Оның 3-еуі пайдалануға берілді:

Орал қаласындағы Деркөл кентінде №51 мектеп (1500 орын)

Балауса шағынауданында №52 мектеп (1500 орын)

Теректі ауданы Подстепное ауылында 1200 орындық мектеп

Сонымен қатар, Орал қаласында №31 мектеп (400 орын) апатты мектептің орнына бой көтерді. Қазталов ауданында “Қоныс” мектебі (60 орын) және №8 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің құрылысы жүріп жатыр.

Ағымдағы жөндеу жұмыстарына қанша қаражат бөлінді?

— Ағымдағы жөндеу жұмыстарына баса назар аудардық. Атап айтсақ, 326 мектепке – 428,8 млн теңге, 79 балабақшаға – 167,9 млн теңге, 24 колледжге – 47,4 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыстар тамыз-қыркүйек айларында толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Сөз соңында облыс тұрғындарына қандай тілек айтасыз?

— Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Білім сапасы мен оның қолжетімділігін арттыру үшін жүйелі жұмыстар легі жалғасады деп уәде беремін. Балаларымыздың сапалы білім мен тәрбиелі ортада өсуі – басты мақсатымыз. Облыс тұрғындарына зор денсаулық, жаңа оқу жылында жетістіктер тілеймін!

Сұхбатыңызға көп рақмет!

评论
其他材料