Аспандаған баға. Ата-аналар міндетті мектеп формасын алып тастауды ұсынды

1921
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/329nrC4Eqfh4R7Fha5cAjZoRuXDeKmUxjqEOl1fs.jpg

Қазақстанда ата-аналар міндетті мектеп формасын алып тастау туралы петицияға қол жинауды бастады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Бастамашылардың айтуынша, бұған себеп - форма бағасының жыл сайын қымбаттауы.

Олардың пікірінше, баланың үлгерімі оның киген киіміне байланысты емес, сондықтан оқушыларға өз қалауындағы киіммен мектепке баруға еркіндік берілуі тиіс.

Саудагерлердің дерегінше, мектеп формасының бағасы жыл сайын шамамен 10–15% өседі. Бірқатар жекеменшік мектептер өз формасын енгізгенімен, мемлекеттік мектептерде бірыңғай үлгі сақталып отыр. 

Оқу-ағарту министрлігі міндетті мектеп формасын қолдап отыр. Ведомство өкілі Мереке Амангелдіқызының сөзінше, біркелкі киім оқу орнында тәртіп пен іскерлік атмосфераны қалыптастырады, оқушылардың назарын білім алуға аударады және әлеуметтік теңдікті нығайтады. Бұл буллинг пен сәнге байланысты қысымның алдын алуға да ықпал етеді.

Заңнамаға сәйкес, мектеп формасы классикалық үлгіде және бірыңғай түсте болуы керек. Егер петиция қажетті қол жинаса, құзырлы органдар оны қарауға міндетті. Дегенмен, биылғы оқу жылында Қазақстанда мектеп оқушылары міндетті форманы киетін болады.

评论